368 КИБЕРҚЫЛМЫС ТІРКЕЛДІ
Шымкентте жыл басынан бері 9 айда киберқылмысқа қатысты 368 іс тіркелді. Алаяқтар тұрғындарға 1 миллиард теңгеден астам шығын келтірген. Жымқырылған қаржының 297 миллион теңгеден астамы қайтарылды. Интернет алаяқтық деректері азайғанымен, фишингтік шабуылдар мен дипфейк технологияларын қолдану белең алып отыр. Қаскөйлер енді кәмелетке толмағандар мен мектеп оқушыларын да алдауға көшкен.
Жанболат Кеңесбек пен Қуаныш Амангелді фишингтік шабуылдың құрбаны бола жаздаған. Киберқылмыскерлер оларға оңай жұмыс пен қосымша табыс ұсынған. Бірін қылмыстық іс қозғалды деп қорқытса, екіншісіне қомақты сыйлық ұтқанын айтып, алдамақ болған. Алайда жастар мұның алаяқтардың психологиялық қысым көрсету тәсілі екенін бірден аңғарған.
ЖАНБОЛАТ КЕҢЕСБЕК, СТУДЕНТ
Фишинг дегеніміз – адамды алдау арқылы жеке мәліметтерін иемдену. Мысалы, бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, «Сіз осындай сыйлық ұтып алдыңыз, енді бізге жеке деректеріңізді айтыңыз» немесе «Шотыңыз бұғатталды» деген сияқты сөздер айтады. Осылайша адамның психологиясына әсер етіп, мәліметтерін алуға тырысады.
ҚУАНЫШ АМАНГЕЛДІ, СТУДЕНТ
Тіркелмеген нөмірден қоңырау түседі. Қоңырауды алсаң, «Сіз бір нәрсе ұтып алдыңыз» деген сияқты қызықтыратын ақпарат айтады. Киберқауіпсіздік туралы біраз ақпарат оқығандықтан, мұндай ұсыныстардан бас тарттым.
Киберқылмыскерлер адамдардың сеніміне кіру үшін жасанды интеллект технологияларын да пайдалана бастаған. Дипфейк, фишингтік шабуыл, жалған инвестициялық ұсыныстар, криптовалюта пирамидалары мен дропперлік әрекеттер – оңай табыс көзі емес, қылмыстық жауапкершілікке әкелетін заңсыз әрекеттер. Бұл туралы полиция қызметкерлері ескертеді.
МАҚСАТ ШЕГЕБАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ КИБЕРҚЫЛМЫСҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ АҒА ЖЕДЕЛ УӘКІЛІ
9 айда 71 тұлға құрықталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 23-і бірнеше эпизод бойынша қылмыс жасаған. Сондай-ақ өзара сөз байласып, қылмыс жасаған 7 топ анықталды.
Полиция мәліметінше, тіркелген 368 киберқылмыстың 43,3 пайызы ашылған. Биылғы көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 194 іске аз. Сонымен қатар, антифрод орталығы құқыққа қайшы 3219 интернет-сайтты бұғаттаған. Оның 1800-і интернет-алаяқтыққа қатысты жарнамаларды таратқан. Полицейлер тұрғындарды цифрлық сауаттылығын арттырып, киберқауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.