Негізгі Жаңалықтар ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫНДА САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛДІ

Ордабасы ауданында жылыту маусымына байланысты қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері елді мекендерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Негізгі міндет – газдан және қатты отыннан туындайтын қауіптің алдын алу.

Шұбарсу ауылдық округінде 10 мыңнан астам түтін бар. Халық саны 50 мыңға жуықтайды. Сондықтан ауылдағы рейдке төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары толық құраммен шықты. Газ инспекциясы, полиция және әкімдік қызметкерлері де тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.


ЖОМАРТ ҚОСПАНОВ, АУДАНДЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ
Шұбарсу елдімекенінде халық өте тығыз орналасқан. 50 мыңға жуық халқы бар. Көбісі қатты отын пайдаланады. Табиғи газ биылғы жылы кіргізіліп жатыр. Сондықтан тұрақты түрде түсініктеме жүргіземіз.


Рейд барысында тұрғындарға жылыту маусымындағы қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратылды. Жылыту қазандықтары тексеріліп, анықталған олқылықтар бойынша ескерту жасалды. Әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын дабыл құрылғылары тегін орнатылып, мұржалары тазартылды.


МҰРАТ ТҰРҒАНОВ, ОРДАБАСЫ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Осы кісілер ауылда жақсылық жасап кетті. Мұржаларымызды тазалап дабыл қаққыш қойып берді. Үлкен рахмет.


ШҰБАРСУҒА ГАЗ БЕРІЛЕДІ


Шұбарсу ауылына осы аптада табиғи газ беріледі деп жоспарланған. Осыған байланысты газ инспекциясының мамандары тұрғындарға газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндірді.


БЕГАСЫЛ ЖАҺАН, АУДАНДЫҚ ГАЗ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Рейдтік іс-шарамен жүрміз. Тұрғындарға көмірге қарағанда газдың тиімділігін түсіндіріп жүрміз. 2026 жылы екі кезеңге табиғи газ береді деп жоспарланған.


Қазір ауыл аумағының 65 пайызына орталық газ желісі тартылған. Алайда үйлердің бәрі бірдей ішкі газ жүйесіне қосылмаған. Сондықтан мердігер мекемелер тұрғындармен келісімшарт жасасып, үй ішіне газ құбырларын тарту жұмыстарын жүргізіп жатыр.


ДӘУЛЕТ ИСМАИЛОВ, «DAULETGAZQURYLUS» МЕКЕМЕСІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
Ордабасы ауданы Шұбарсу ауыл округіне газ магистралы 2021 ші жылдан бері жүргізіліп жатыр. Біз үй ішіне монтаждау жұмыстарын жасап жатырмыз. Ел болғасын жетім жесір көпбалалы отбасыларға айына бір үйге тегін газ кіргізіп беріп жатырмыз.  


Былтыр Ордабасы ауданында улы газдан үш адам көз жұмған. Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін мамандар тұрғындарды жылыту жабдықтарын тұрақты тексеріп, мұржаларды уақытылы тазалауға шақырады. Қарапайым қауіпсіздік талаптарын сақтау адам өмірін сақтап қалуы мүмкін.

Бөлісу