Негізгі Жаңалықтар ТҮРКІСТАНДА ЕКІ ҚАБАТТЫ ЭКСКУРСИЯЛЫҚ АВТОБУС ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ТҮРКІСТАНДА ЕКІ ҚАБАТТЫ ЭКСКУРСИЯЛЫҚ АВТОБУС ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Түркістанды енді жаңа қырынан тамашалауға болады. Қалада екі қабатты экскурсиялық автобус іске қосылды. Жаңа туристік жобаның жұмысымен облыс әкімі танысып, туристік инфрақұрылымның әлеуетін бағалады.


Өңір басшысы 14 бағытты қамтитын туристік маршрутпен жүріп өтіп, тарихи-мәдени нысандарды аралады. Сапар барысында туристерге көрсетілетін қызмет сапасы мен сервисті жетілдіру мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ жауапты сала өкілдерімен бірге халықаралық талаптарға сай туристік инфрақұрылымды дамыту жолдарын талқылады. Жаңа экскурсиялық автобус қаланың көрікті жерлерін аралап қана қоймай, арнайы аудиогид арқылы Түркістанның тарихы мен мәдени мұрасы туралы ақпарат ұсынады. Бағыты әуежайдан басталып, теміржол вокзалына дейін жалғасады. Ашық форматтағы екі қабатты автобус туристерге қаланы еркін тамашалауға мүмкіндік береді.


ЖЕҢІСБЕК ҚОНЫСБЕКҰЛЫ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ

Қонақтарға осындай қызыл автобуспен қаланы ерекше жағынан көрсетеміз. Бұның ерекшелігі екінші қабатының терезесі жоқ. Төбесі ашылады. Қазіргі уақытта екі мезгіл жүреді. Таңғы 10:00-ден 12:00-ге дейін 2 сағат жүреді. Кешкісін 18:00-20:00-ге дейін жүреді.



ДОМБЫРА КҮМБІРІ ТҮРКІСТАН ТӨРІН ТЕРБЕДІ


Домбыраның күмбірі Түркістан төрін тербеді. Ұлттық домбыра күніне орай жас күйшілер «Тұран даласының күйлері» байқауында бас қосты. Дәстүрлі өнер додасы қазақтың әйгілі күйші-композиторы, Қазақстанның халық әртісі Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына арналды. Жас таланттар күй мұрасын дәріптеп, өзара бақ сынады. Өнер додасында кімдер топ жарды? Тілшіміз баяндайды.


Байқауға кіші және ересек топ бойынша 20 талапкер қатысты. Жас домбырашылар Дина Нұрпейісова, Төлеген Момбеков, Сүгір Әлиұлының күйлерін нақышына келтіре тартып, шеберліктерін көрсетті. Әр қатысушы екі шығармадан орындап, қазылар алқасының бағасына ұсынылды.


РАЯН ИСМАИЛОВА, КҮЙШІ

Жалпы домбыраға қатысып жүргеніме бір жарым жылдай болды. «Еркесылқым», «Балбырауын» күйлерін тартып жүрмін. Осы жарыстан жүлделі орынмен қайтамын деген ойдамын.


Күйшілер екі кезең бойынша бақ сынады. Қазылар алқасы олардың техникалық шеберлігін, сахна мәдениетін, шығарманы жеткізу мәнерін және көркемдік деңгейін саралады. Жас өнерпаздардың дайындығы мен күйді меңгеру деңгейіне ерекше назар аударылды.


БЕКСҰЛТАН ЖҰМАН, «АҚЖАЙЫҚ» МУЗЫКА МЕКТЕБІНІҢ МҰҒАЛІМІ

Орындалатын күйлердің қатарында міндетті түрде Дина Нұрпейісованың шығармалары болады. Сондай-ақ шертпе күйді орындау да міндетті.Байқау қорытындысында жастар арасындағы бас жүлдені «Ақжайық» музыка мектебінің шәкірті Жомарт Әбдірахман жеңіп алды. Ал 15–20 жас аралығындағы қатысушылар арасында Дәурен Маханбет үздік деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломдармен, алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапатталды.


 «ҮКІЛІ ДОМБЫРА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ

Ұлттық өнер ұлықталды. Түркістан қаласында өткен «Үкілі домбыра» республикалық байқауы өз мәресіне жетті. Жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Байқау этнос жастары арасындағы достықты, өзара құрмет пен қоғамдық келісімді нығайтуды мақсат етті. Сонымен қатар, қазақ халқының төл өнері мен рухани мұрасын кеңінен дәріптеуге арналды. Қасиетті қара домбыраның үні түрлі этнос өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Ұлттық құндылықтар арқылы бірлік пен татулықтың жарқын үлгісі көрсетілді. Байқау қорытындысы бойынша қатысушылардың орындаушылық шеберлігі мен сахна мәдениетін әділқазылар алқасы бағалап, үздік өнерпаздарды марапаттады.


ЭЛЬМИРА ЖАНҒАЗИЕВА, ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫНА ҚАРАСТЫ «ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ» КММ БАСШЫСЫ

Біздің мақсатымыз – этнос жастарының бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру. Сол мақсатта осы байқауды ұйымдастырып отырмыз.


Сонымен қатар, байқауға қатысқан барлық өнерпазға белсенділігі мен өнерге деген ынтасы үшін арнайы сертификаттар табысталды. Ал үздік шәкірт тәрбиелеген жетекшілер алғыс хатпен марапатталды. Дәстүрлі ән аталымы бойынша І орынды Сауран ауданынан келген Юлдуз Бектемирова иеленді. Күй орындау номинациясында Қостанайдан келген Марк Ли топ жарды. Ал терме орындау аталымында Сарвар Умурдинов жеңімпаз атанды.


БАҚЫТЖАН РАУШАНБЕКОВ, КҮЙШІ

Қазіргі таңда Қарағанды медицина университетінің 5-курс студентімін. Бұл байқауға келгеніме өте қуаныштымын.

Осындай тағылымды өнер жобалары ұлттар арасындағы достықты нығайтып, қоғамдық келісім құндылықтарын дәріптеумен қатар, қазақтың төл өнерін кейінгі ұрпаққа насихаттауға зор үлес қоса береді.


ПРОФИЛАКТИКАЛЫҚ ТҮСІНДІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Қоғам қауіпсіздігі – басты назарда. Өңір полицейлері тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ауқымды рейд өткізді. Қылмыстың алдын алып, қоғамдық тәртіпті сақтау үшін ұйымдастырылған профилактикалық іс-шараға 200-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылды.

Жергілікті тұрғындарға профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, заң талаптары түсіндірілді. Полицейлер қала аумағын түгел аралап, ықтимал құқық бұзушылықтардың алдын алды. Сондай-ақ жол қозғалысы қауіпсіздігін бақылап, жаяу жүргіншілерге қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңызын ескертті.


АҚАН САПАРБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ

Департамент бастығының нұсқауына сәйкес сенбі-жексенбі күндері рейдтік іс-шаралар өткізіледі.


ТҮРКІСТАНДЫҚ ПОЛИЦЕЙЛЕР ЖАРТЫ ЖЫЛДЫҚ ЖҰМЫСЫН ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Түркістандық полицейлер жарты жылдық жұмысын қорытындылады. Кешенді шаралардың нәтижесінде өңірде қылмыстық құқық бұзушылықтар 7,7%-ға, ал қылмыс деңгейі 7,9%-ға төмендеген.

Қарақшылық, тонау, бұзақылық, ұрлық және интернет-алаяқтық деректері азайған. Сондай-ақ аса ауыр қылмыстар, оның ішінде адам өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, қарақшылық, тонау, бопсалау және бұзақылық қылмыстарын ашу көрсеткіші 100 пайызды құрады. Кеңес барысында департамент басшылығы қызметтік жұмыс кезінде анықталған кемшіліктерге талдау жасап, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берді. Полиция басшыларына мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, полиция мен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайту қажеттігі айтылды.


ЕСУ АРНАСЫНЫҢ БОЙЫНАН ЖАҒАЖАЙ АШЫЛДЫ

Түркістанда тағы бір жаңа демалыс орны пайдалануға берілді. Есу арнасының бойында Орталық Азияда баламасы жоқ жағажай ашылып, алғашқы демалушыларды қабылдай бастады. Жаңа нысанның ерекшелігін тілшіміз баяндайды. Ұзындығы шамамен бір шақырымға созылған жағажайда жайлы әрі қауіпсіз демалыс үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда суға түсуге арналған арнайы аймақтар, төрт құтқару мұнарасы, киім ауыстыру бөлмелері мен көлеңкелі шатырлар орнатылған. Балаларға ойын және су сырғанақ алаңдары, ал ересектерге жағажай волейболы мен воркаут алаңдары қарастырылған. Сонымен қатар катамаран және қайықпен серуендеу, банджи-батут секілді ойын-сауық қызметтері де қолжетімді.


ЕСЕНӘЛІ ІЗТІЛЕУОВ, АҚСАҚАЛДАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

Түркістанымыздың өркендеп өсуінің тағы бір көрінісі ай сайын осындай жақсы жаңалықтарға куә болып жатырмыз. Түркістандықтар өте қуанышты. 


Мамандардың айтуынша, су сапасы санитариялық-эпидемиологиялық және экологиялық зертханалардың тексеруінен толық өткен. Ал демалушылардың қауіпсіздігін арнайы дайындықтан өткен құтқарушылар тәулік бойы қадағалайды.


ҚҰРБАН СҮЛЕЙМЕНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ

Өз балаларымды немерелерімді алып келдім. Және өз ұжымымызбен келдік. Біздің қаламыз көркейіп өсе берсін. 


Жағажайдың ашылуы мерекелік концертпен басталып, қонақтар жаңа демалыс аймағының мүмкіндіктерін алғашқылардың бірі болып пайдаланды. Олар суға түсіп, қайықпен серуендеп, түрлі ойын-сауықтарға қатысты. Жағажай күн сайын таңғы 08:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Кіру құны 6 жасқа дейінгі балаларға – тегін, 7–14 жас аралығындағы балаларға – 500 теңге, ал 15 жастан асқан келушілер үшін – 1000 теңге.



КӨНЕ ҚАЛАШЫҚ ҚОРҒАНЫНА ҒЫЛЫМИ-РЕСТАВРАЦИЯЛЫҚ ӨҢДЕУ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңында орналасқан көне қалашық қорғанын сақтау жұмыстары жалғасып жатыр. Мамандар тарихи нысанға ғылыми-реставрациялық өңдеу жүргізуде. Қабырғаны қалпына келтіру туралы шешім мониторинг қорытындысынан кейін қабылданған. Зерттеу барысында қорған қабырғасының жыл сайын 10–15 сантиметрге ығысатыны анықталған.

Жобаға сәйкес, шығыс қақпадан басталатын 32 метрлік аумақ қалпына келтірілді. Ал апатты жағдайда тұрған қабырға бөлігінің жалпы ұзындығы – 40 метр. Қорған қабырғасы 2000 жылдары археологиялық зерттеулер негізінде қайта қалпына келтірілген болатын. Бұл жолы реставраторлар іргетасты нығайтып, апатты бөліктен алынған жарамды материалдарды қайта пайдалану арқылы қабырғаның бүлінген тұстарын қалпына келтіруде. Бұл жұмыстар тарихи нысанның одан әрі бүлінуіне жол бермей, цитадельдің солтүстік-шығыс бөлігінің тарихи келбетін сақтауға мүмкіндік береді. Ғылыми-реставрациялық жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.


ТҮРКІСТАНДА ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАНДАР ЖАУАПҚА ТАРТЫЛДЫ

Түркістанда жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілер анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қалада полиция қызметкерлері жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік іс-шараларды тұрақты түрде өткізіп келеді.Кезекті профилактикалық іс-шара барысында қауіпсіздік белдігін тақпаған 56 жүргізуші, көлік басқару кезінде ұялы телефон пайдаланған 37 жүргізуші және қарсы қозғалыс жолағына шыққан 2 жүргізуші анықталды. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар жүргізушілерге жол қозғалысы талаптарын сақтау, көлік басқару кезінде мұқият болу және жолдағы қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарау қажеттігі түсіндірілді.



АХАН САПАРБЕКОВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ, ПОЛИЦИЯ ПОДПОЛКОВНИГІ

Департамент бастығының нұсқауына сәйкес жұма және сенбі күндері рейдтік іс-шаралар өткізіледі. Оның мақсаты – түнгі уақытта жүрген жасөспірімдерді полиция басқармасына жеткізіп, ата-аналарына тиісті шара қолдану, жасөспірімдерге түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Сондай-ақ қаланың тыныштығы мен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. 



ӨЛЕҢІ – ӨНЕГЕ, ҚАРА СӨЗІ – НАҚЫЛ

Өлеңі – өнеге, қара сөзі – нақыл. Ұлы ақын, ағартушы Абайдың туған күні Түркістанда ерекше аталып өтті. Қалалық әкімдік ұйымдастырған «Абай – ұлт рухының биік шыңы» атты мәдени кеште ойшылдың шығармашылығы кеңінен дәріптелді. Кеш Абай шығармаларынан кітап көрмесін тамашалаудан басталды. «Яссы» халықтық фольклорлық ансамблі күй орындап, мерекелік бағдарлама ақын шығармашылығына арналған қойылыммен жалғасты. Көрерменге Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Тереңдеп қарайсың», «Мен бір жұмбақ адаммын» секілді әндері ұсынылды. Сонымен қатар «Бойы бұлғаң», «Сегіз аяқ» әндері мен Абай операсынан «Ажардың ариясы» орындалды.


ДОСАЙ КЕНЖЕТАЕВ, ФИЛОСОФИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ, ПРОФЕССОР

Соңғы екі ғасырда түркі-ислам өркениетінде көптеген құбылыстар болып өтті. Біріншісі – отарлық, одан кейін батыстану үрдісі. Отарлану кезінде біздің тірегіміз Абай болды.


Әдеби кеште Абай мұрасының ұлттық руханияттағы орны айшықталды. Ақынның өлеңдері мен қара сөздеріндегі тағылымды ойлар кеңінен насихатталып, оның шығармаларының бүгінгі ұрпақ үшін маңызы сөз болды.

ҚАДЫРБОЛАТ МҰСАҒАЛИЕВ, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ, ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ЖӘНЕ СПОРТ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына арналған Абай шығармаларын насихаттау кеші. Мақсаты – ақын бабамыздың еңбегін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау.


Абай – қазақ халқының рухани әлемін биіктеткен ұлы тұлға. Оның өлеңдері, қара сөздері мен әндері – ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын асыл мұра. Ақын шығармашылығын дәріптеу арқылы жас ұрпақты білімге, ізденіске, еңбекке және адамгершілікке тәрбиелеу – кештің негізгі мәні болды.



ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ПРОКУРАТУРАСЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫ АРАЛАДЫ

Кәсіпкерлердің құқығын құзырлы орган қорғайды. Түркістан қаласының прокуратурасы инвестициялық жобаларды аралап, олардың іске асырылу барысымен танысты. Шаһарда қалалық прокуратураның үйлестіруімен құны 5 млрд теңге болатын құрылыс материалдарын өндіретін зауыт жобасы инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына енгізілді.Аталған жобаның жалпыұлттық пулға енгізілуі инвесторға мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдалануға, өндірісті кеңейтуге және жобаны одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Жоба аясында 50 жаңа жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда зауыт құрылысының бірінші кезеңі аяқталып, өндірістік цех іске қосылды. Жобаның келесі кезеңдерін іске асыру және қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы қалалық прокуратураның тұрақты бақылауында.


ОЛЖАС ДӘУРЕНБАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ

Қала прокуратурасы инвестициялық жобаларды аралап, олардың іске асырылу нәтижелерімен танысты. Түркістан қаласында жалпы құны 424,3 млрд теңге болатын 72 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Қала прокуратурасы жыл басынан бері құны 18,8 млрд теңгені құрайтын 14 инвестициялық жоба бойынша инвесторлардың құқықтарын қорғады.



ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖАСТАР КҮНІНЕ ОРАЙ ТҮРКІСТАНДЫҚ ЖАСТАР БАС ҚОСТЫ

Түркістан жастары бір толқында. Халықаралық жастар күніне орай түркістандық жастар бас қосты. «Жібек жолы» саябағында өткен шарада жастардың өнері, спорттағы жетістіктері мен шығармашылық әлеуеті көрініс тапты.


Кеш бағдарламасында би және музыкалық қойылымдар, сән көрсетілімі, акробатикалық шоу, түрлі ойын-сауық бағдарламалары мен мерекелік отшашу ұсынылды. Бүгінде Түркістанда 78 361 жас тұрады. Бұл – қала халқының 31,4 пайызын құрайды. Жас түркістандықтар спорт, білім, ғылым, өнер және жаңа технологиялар салаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, қаланың мерейін асырып келеді.


ӘЛИЯ БАЗАРБАЙҚЫЗЫ, «ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ» БАСШЫСЫ

Жастарымызға тек толағай табыстар тілейміз. Жастарымыз – Түркістанның қозғаушы күші.



ТҮРКІСТАНДА ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҒЫ СЕНІМДІ ҚОРҒАЛУДА

Түркістан қаласының прокуратурасы шаһардағы ауқымды инвестициялық жобалардың жүзеге асуын бақылауға алды. Бүгінде қалада жалпы құны 424 миллиард теңгеден асатын 72 ірі жоба іске асырылып жатыр. Прокурорлар әр нысанның құрылыс барысымен танысып, жұмыс сапасын жіті тексеруде.


Түркістанда инвесторлардың құқығы сенімді қорғалуда. Жыл басынан бері қала прокуратурасы жалпы құны 18,8 миллиард теңгені құрайтын 14 инвестициялық жобаға қолдау көрсетті. Сонымен қатар, қадағалау органының үйлестіруімен құны 5 миллиард теңге болатын құрылыс материалдарын өндіретін зауыт инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына енгізілді. Бұл мемлекеттік қолдау тетіктерін тиімді пайдаланып, өндірісті кеңейтуге жол ашады. Бүгінде жоба аясында 50 жаңа жұмыс орны ашылып, зауыттың бірінші кезеңі – өндірістік цех іске қосылды. Алдағы уақытта жобаның келесі кезеңдерін жүзеге асыру және қосымша жұмыс орындарын құру жоспарланып отыр.


ОЛЖАС ДӘУРЕНБАЕВ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ ПРОКУРАТУРАСЫНЫҢ АҒА ПРОКУРОРЫ

Қазіргі таңда Түркістан қаласында инвесторларға әкімшілік кедергілер келтірілген. Яғни, негізсіз тексерулер жүргізу, прокурордың келісімінсіз әкімшілік жауапкершілікке тарту және арнайы экономикалық аймақпен жасалған келісімшартты біржақты бұзу сияқты мәселелер болды. Біз сол кедергілердің алдын алып, инвесторлардың әрі қарай жұмыс істеуіне құқықтық көмек көрсеттік.


Бөлісу