Негізгі Жаңалықтар КІТАПТАН САХНАҒА, САХНАДАН САНАҒА!

КІТАПТАН САХНАҒА, САХНАДАН САНАҒА!

Кітаптағы ой сахнада сөйлеп, көрерменге ерекше әсер сыйлады. Шымкенттегі Пушкин атындағы кітапханада «Кітаптан сахнаға, сахнадан санаға» атты әдеби-сахналық кеш өтті. «Сахна тілі табиғаты» және «Сахналық қимыл техникасын меңгерейік» кітаптарындағы теориялық білім қойылым арқылы көрініс тапты.


Сөз бен қимыл, музыка мен актерлік шеберлік тоғысқан кеште рухани құндылықтар мен адамгершілік тақырыптары қозғалды. Сахнадағы әр көрініс көрерменді ойға жетелеп, кітаптың адам санасына әсерін ұғындырды.


АЛТЫНАЙ БАТЫРХАНҚЫЗЫ, РЕЖИССЕР
Сонау 1987 жылы Санкт-Петербург қаласындағы өнер академиясына алғаш барғанымда бір профессордың сөзі жаныма қатты батты. Ол: «Бір елді жою үшін соғыс ашып, қан төгудің қажеті жоқ. Сол елдің сауаттылығы мен санасын төмендетсең жеткілікті», – деді. Кейін осы сөздің мәніне терең үңілдім. Адамдарды оқудан, сауаттылықтан алыстату – қоғам үшін үлкен қауіп. Сондықтан бар ғұмырымды осы салаға арнап, өнерлі, мәдениеті жоғары, рухы мықты жастарды тәрбиелеуді мақсат еттім. Кітабым жас мамандар мен өнер сүйер қауымға сахна өнерінің қыр-сырын танытуға арналған.


Сахнадағы қойылымдар көрерменді бейжай қалдырмады. Жастар кітаптан алған білімдерін актерлік шеберлікпен ұштастырып, ойларын қимыл мен музыка арқылы жеткізді. Алғаш рет сахнаға шыққандар үшін бұл кеш шығармашылық тәжірибенің де маңызды кезеңі болды.


ҰЛЖАЛҒАС МАРАТҚЫЗЫ, ӘРТІС
Бүгінгі алғашқы дебютім өзіме қатты ұнады. Ұстазым Алтынай Батырханқызына көп рақмет айтамын. Біз бұл қойылымды кітап сүйер қауымға арнадық. Мақсатымыз – жастарды кітапқа жақындатып, телефоннан бір сәт болса да алыстату.


Кітап – ойдың бастауы, ал сахна – сол ойды санаға жеткізетін өнер алаңы. Әдебиет пен театрды тоғыстырған кеш көрерменге рухани азық сыйлап, кітап оқудың маңызын тағы бір мәрте көрсетті.


Бөлісу