Негізгі Жаңалықтар САРЫАҒАШТА 1000 ОРЫНДЫҚ СТАДИОН ЖАҢАРДЫ

САРЫАҒАШТА 1000 ОРЫНДЫҚ СТАДИОН ЖАҢАРДЫ

Республика күні қарсаңында Сарыағашта күрделі жөндеуден өткен 1000 орындық орталық стадион пайдалануға берілді. Жаңарған спорт кешені түрлі деңгейдегі жарыстарды өткізуге мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыруға бюджеттен 807,5 миллион теңге бөлінген. Жалпы аумағы 1,5 гектарды құрайтын стадионда көрермендер трибунасының үсті жабылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 20 орын қарастырылған. Футбол алаңына жасанды газон төселіп, 400 метрлік жүгіру жолағы жаңартылды. Сонымен қатар стрит-воркаут және шағын футбол алаңшалары жабдықталды.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Биыл жалпы құны 11,3 миллиард теңгені құрайтын 58 спорт нысанының құрылысы жүргізілуде. Қазір ғана 200 орындық мәдениет орталығын аштық. Бұл – халықтың жағдайы мен әл-ауқатын жақсартуға бағытталған қадамдардың бірі. Мұның барлығы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауының арқасында жүзеге асып жатыр.

Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Жаңа жарықтандыру жүйесімен жабдықталған Сарыағаштағы орталық стадион тұрғындардың спортпен тұрақты айналысуына және футболды дамытуға мүмкіндік береді.

БЕЙСЕНХОЖА АБДИАМИТОВ, САРЫАҒАШ АУДАНДЫҚ №3 БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
2013 жылы салынған стадионымыз осы уақытқа дейін әбден тозған еді. Қазір қайта жаңғыртылып, жаңаша кейіпке енді. Облыс әкімінің қолдауының арқасында осындай қуанышқа кенеліп отырмыз. Алдағы уақытта футболды және басқа да спорт түрлерін дамытуға күш салып, аянбай еңбек етеміз.

Жаңарған стадионда алдағы уақытта бес жаттықтырушының жетекшілігімен 200-ге жуық оқушы спортпен тұрақты түрде шұғылданады деп жоспарланып отыр.





Бөлісу