ЖАМБЫ АТУДАН ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫ
Түркістанда жамбы атудан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты басталды. Елдің 11 өңірінен келген 31 спортшы мергендігі мен шабандоздық шеберлігін сынап жатыр. Ұлттық спорт додасында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталады.
Ат үстіндегі ептілік пен нысана көздеген мергендік сынға түседі. Чемпионатқа 19 ұл мен 12 қыз қатысып жатыр.
Қатысушылар төрт бағыт бойынша бақ сынайды. Олар «Мажар», «Азия», «Түркі» және «Жамбы» стильдерінде нысана көздеп, дәлдігі мен ат үстіндегі шеберлігін көрсетеді. Әр бағытта қарсыластарынан озып шығу үшін спортшыларға ептілікпен қатар, жоғары дайындық қажет.
Жас мергендердің басын қосқан чемпионат ұлттық спорттың дамуына серпін беріп, жамбы атуға қызығушылықты арттыруды көздейді. Мамандардың айтуынша, мұндай жарыстар жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, ұлттық өнердің кеңінен танылуына жол ашады.
Қазақстан чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері 24 қазанда белгілі болады. Үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға медальдар, кубоктар мен алғыс хаттар табысталады.