ПРЕЗИДЕНТ КІТАБЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жаңа кітабы кеңінен талқыланып жатыр. Шымкентте де маңызды еңбекке арналған ғылыми-танымдық кездесу өтті. Тәшенев университеті ұйымдастырған басқосуға зиялы қауым өкілдері, жазушылар, сарапшылар мен жастар қатысты.
«Ұлт мерейі – шыншыл сөз» атты ғылыми-танымдық форум Достық үйінде өтті. Жиында сөз бостандығы, ашықтық пен шынайылықтың Әділетті Қазақстанды құрудағы маңызы сөз болды. Кітапқа Мемлекет басшысының әр жылдары айтқан ой-тұжырымдары мен ел дамуының негізгі бағыттарына қатысты пікірлері жинақталған.
ДӘРИЯ ҚОЖАМЖАРОВА, ҚР ҰҒА АКАДЕМИГІ, Т.Ғ.Д., ПРОФЕССОР
Бұл еңбекті қазақ қоғамының мемлекет ретінде дамуы мен қалыптасуын зерделеуге мүмкіндік беретін дереккөз ретінде қарастыруымыз керек. Себебі Президенттің әрбір құрылтайда, жұртшылық алдында сөйлеген сөздері бар. Олардың әрқайсысы белгілі бір кезеңмен және мемлекеттің даму ерекшеліктерімен байланысты. Қазіргі реформалардың негізі неде, Қазақстан ХХІ ғасырда қандай стратегиялық бағытта дамиды деген сұрақтарға жауап іздеуде бұл еңбектің маңызы зор.
Жиында ақын-жазушылар мен қоғам өкілдері кітаптың мазмұнына тоқталып, ел болашағы, ұлттық бірлік, мемлекеттік тіл, жастар тәрбиесі мен рухани құндылықтар жөніндегі ойларын ортаға салды.
НҰРТӨРЕ ЖҮСІП, ЖУРНАЛИСТ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ
Мемлекет басшысының Президент болмай тұрған кезеңде, Сыртқы істер министрлігінде және БҰҰ-да қызмет атқарған жылдарында берген сұхбаттары мен айтқан келелі ойлары екі тілде жинақталған. Бүгінгі саясатқа, халықтың әл-ауқатына, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына қатысты тұжырымдарды осы кітаптан табуға болады. Қажетті ойлар мен қанатты сөздер бір жинаққа топтастырылған.
Кітапта білім мен ғылымды дамытуға, қазақ әдебиеті мен мәдениетін қолдауға қатысты ұстанымдарға да назар аударылған. Форумда цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріндегі білімнің маңызы да сөз болды.
ЖАНАР РЫСБЕКОВА, ТӘШЕНЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ РЕКТОРЫ
Өзгермелі заманда бір орында тұрып қалуға болмайды. Уақыт жылдам өтіп, өзгерістер де қарқынды жүріп жатыр. Қазір жасанды интеллект дамып келеді. Біз оны адамға көмекші ретінде қабылдаймыз. Бірақ оның адамға бағынбай кету қаупі де бар. Бұл мәселені заң арқылы реттейміз бе, әлде басқа жолдарын қарастырамыз ба - оны ойлануымыз керек. Сондықтан цифрландыруды, білім мен ғылымды дамытуды тереңдетіп, нақты деректерге сүйенген, ақиқатқа негізделген білімді қалыптастыру маңызды.
Қатысушылар «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабын Мемлекет басшысының мемлекет құру, қоғамды дамыту және елдің болашағын айқындау жөніндегі көзқарастарын танытатын маңызды еңбек ретінде бағалады.