14 ТҰРҒЫН ҮЙ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ
Түркістан қаласында Республика күні мен қала күні қарсаңында 7 қабатты 14 тұрғын үй пайдалануға берілді. Игі іс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы аясында жүзеге асырылды.
Нұралхан Көшеров тұрғындардың қуанышын бөлісуге арнайы келіп, баспана иелеріне пәтер кілттерін табыстады. Облыс әкімі тұрғындарды қоныстоймен құттықтап, отбасыларына амандық, бақ-береке тіледі.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
2018-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 1 млн 261 мың шаршы метрді құрайтын 23 633 пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Бүгінгі күні Түркістан қаласында жалпы 588 пәтерді құрайтын 14 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілуде.
Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі мен баспана иелері жаңа тұрғын үйлерді аралап, пәтерлердің жай-күйімен танысты. Жаңа тұрғын үй кешені 3,5 гектар аумақта орналасқан. Тұрғын үй кешенінде жалпы 588 пәтер бар. Олардың 194-і жалдамалы баспана болса, 394 пәтер жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы беріледі.
Айта кетейік, биыл облыс бойынша 3 мыңнан астам пәтердің құрылысы жүргізіліп, 2 434 пәтер ел игілігіне берілді. Оның ішінде Түркістан қаласында 2 мыңнан астам пәтерді құрайтын 43 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Нақтырақ айтқанда, 706 пәтер арендалық болса, 1 382 пәтер жеңілдетілген ипотекалық несие арқылы беріледі. Қазіргі таңда қала бойынша тұрғын үй кезегіне 23 мыңнан астам азамат тіркелген.