480 КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗЫЛДЫ
Республика күні қарсаңында Шымкент қаласында «Менің атаулы ағашым» атты экологиялық акция өтті. «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бастамасы аясында ұйымдастырылған шара өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Төрт күнге созылған акция барысында қала аумағына 480 ағаш көшеті отырғызылды.
Табиғатты аялау – туған жерге деген жанашырлықтың белгісі. Осыны ұстанған ұйымдастырушылар мен оқушылар Шымкент қаласындағы №147 жалпы орта білім беретін мектептің ауласын көгалдандыруға атсалысты. Игі бастамаға экология саласының мамандары, табиғи аумақтарды қорғау мекемелерінің қызметкерлері және мектеп оқушылары қатысты.
ДҮЙСЕН ҚҰЛТІЛЕУОВ, ЭКОЛОГИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Республикалық Таза Қазақстан акция аясында келіп отырмыз. Мақсат экологиялық тәрбие беру. Жасыл желекті көбейту.
Акция аясында арша, бозарша, қарағай, каштан, шынар, айлант, катальпа және емен секілді ағаш түрлерінің көшеттері отырғызылды. Мұндай шаралар қаланың жасыл желегін көбейтіп қана қоймай, жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыруға да ықпал етеді.
ДӘУЛЕТ СМАЙЛХАН, ЖАС ӨЛКЕТАНУШЫ
Біз бүгін №147 мектепке 220 түп ағашын отырғызуға келдік.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, табиғатты қорғау жұмыстарына оқушыларды ерте жастан тарту – экологиялық сананы қалыптастырудың маңызды қадамы. Әрбір отырғызылған көшет – болашаққа жасалған инвестиция. Туған жерді көгалдандыруға үлес қосқан әрбір оқушы бүгін ағаш отырғызып қана қоймай, табиғатты қорғаудың маңызын да терең түсінді. Өйткені жасыл қала қалыптастыру – баршаға ортақ міндет.