«Таза Қазақстан» акциясы бір айлық немесе науқандық іс-шара емес. Бұл – өңір жұртшылығының өмір дағдысына айналуы керек. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен мәжілісте осы мәселе қаралып, өңірдегі тазалық, абаттандыру жұмыстары барысы баяндалды. Сонымен бірге жазғы балалар лагерьлерінің дайындық барысы да пысықталды.

 Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов «Таза Қазақстан» акциясының қорытындысына тағы бір тоқталды. Өңірде 5 апталықта абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалық жұмыстары күнделікті жүргізілді. Бұдан бөлек, науқан аясында 1408 ауқымды іс-шара өтті. Акция аясындағы атқарылған жұмыстар бұнымен аяқталмайды. Қазіргі таңда қалалармен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, көгалдандыру және тазартудың жыл соңына дейінгі іс-шара жоспары айқындалды. Сонымен қатар санитарлық тазалау, жолды жайластырудың мазмұны, аялдамаларды ретке келтіру, жарықтандыру жолдарды ағымдағы жөндеу, жұмыстары атқарылмақ. Аталған бағытта 984 іс-шара жоспары дайындалып, 266 жауапты тұлға бекітілген. Мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандардағы әкімдік ғимараттарының тазалығы, жай-күйі, абаттандырылуы және жазғы демалыс лагерьлерінің дайындығына қатысты мониторинг жұмыстарының нәтижесін баяндады. Жауапты басшыларға сын-ескертпелер айтылып, жұмысты ширату жөнінде тапсырма берілді.