Футболдан премьер-лига командалары арасындағы 11-ші тур ойындары аяқталды. Хан Тәңірі стадионында «Астана» футболшыларымен кездескен шымкенттік «Ордабасы» 0:1 есебімен жеңіске жетті. Ойындағы жалғыз голды салған Еркебұлан Тұңғышбаев команданы жеңіске жеткізді.

 Екі апталық үзілістен кейін елімізде премьер- лига командалары қайта ойынға кірісті. Жаңа басшылық тағайындалған Шымкенттің «Ордабасы» командасы сырт алаңда бірнеше мәрте Қазақстан чемпионы атанған «Астана» командасымен күш сынасты. Аса тартыспен өткен кездесуде екі команда да алма-кезек шабуылдаумен болды. Алаңға толық құраммен шыққан ордабасылықтардың сапында жарқ етіп көрінген жаңадан командаға қосылған қақпашы Азамат Жомартовтың талантына көпшілік сүйсінді. Қақпашы Марин Томасов, Ян Бараговский бастаған жігіттердің қаншама шабуылдарына тойтарыс берді. Ордабасы сапында Бауыржан Исламханның дара ойыны өзінің биік шыңын көрсетті. Ойынның екінші таймында 77 минутында кезекті шабуыл кезінде Еркебұлан Тұңғышбаев айып алаңының ортасында допты басымен қақпаға бағыттап, гол салды. Команданы қолдауға Шымкент қаласынан 100-ден аса жанкүйерлер Елордаға барған болатын. Сенім де ақталды. Осы жеңістен кейін «Ордабасы» мен «Ақтөбе» командасы топ басына шықты. Айта кетейік, алтын медалге таласатын үш команда белгілі болып тұр. Олар «Ақтөбе, «Ордабасы» және «Қайрат» . Енді шымкенттіктер келесі тур ойындарында Астананың «Жеңіс» командасымен күш сынасады.