Құрылыс басқармасы биылға жоспарланған 146 нысанның 111-ін аяқтауға жақын. Қалған 35 құрылыс келесі жылға созылады. Сондай-ақ жыл соңына дейін 2700 пәтерлі 66 тұрғын үй пайдалануға берілмек. Еске сала кетейік, наурыз айында 180 пәтерлі 2 тұрғын үй қолданысқа тапсырылған болатын. Тағы қандай өзгерістер бар? Құрылыс басқармасы алғашқы алты айда атқарылған жұмыстар есебін берді. Тілші тарқатады.

Жүргізілген тексерістер нәтижесінде 10 мыңнан аса пәтерден, 198 кемшілік анықталған. Қателікті түзету мердігер компанияға міндеттеліп, 188 олқылық оңалтылды. Қалған 10 кемшілік түзетіліп жатыр. Сондай-ақ басқарма 12 білім нысанының құрылыс жұмыстарын бастаған. Оның 7-еуі жаңадан бой көтерсе, 5-еуі күрделі жөндеу көрмек. Бұдан бөлек, «Ұлттық жоба» аясында тағы 18 мектеп бой көтереді. Оның 11-і биыл қолданысқа берілсе, қалған 7-еуі келесі жылы аяқталады.

Еске сала кетейік, 2021 жылдан бері 250-ге жуық көппәтерлі тұрғын үйге техникалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде: сейсмонығайтуды қажет ететін – 68 үй, апатты – 67 пәтер анықталған. Олқылық түзетіліп, қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жас, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топ өкілдеріне арналған тұрғын үйлерде бой көтермек.


Айта кетейік, басқарма тарапынан 4 мәдениет, 2 спорт, 1 саябақ, 2 әлеуметтік қамтамасыз ету орталығы, 2 ауыл шаруашылығы, 6 төтенше жағдайлар, 1 қорғаныс, 4 мемлекеттік орган нысандарының құрылысы жүргізіліп жатыр.