Полигоннан паркке! Шымкентте баламасы жоқ тағы бір нысанның құрылысы басталды. Экопарк Достық шағын ауданында орналасады. Ғабит Сыздықбековтің тапсырмасы бойынша 45 га аумаққа жасыл желек жайылады.
 Парк құрылысында тек табиғи материалдар қолданылады. Ландшафтты веложолдар төселеді. Тас пен ағаштар пайдаланылып, көмірқышқыл газын шығаратын құбырлар тұрғындардың демалысына кедергі болмайтындай етіп жасалады деген жоспар бар. Экопаркте белсенді демалыс үшін 10 аумақ ұсынылып отыр.
РИНАТ СЕЙСЕНБАЕВ, ИНВЕСТОР      
«Ғалымдарды, биологтарды шақырып, ақылдасып жатырмыз. Шымкентте қандай ағаштар бейімделеді, өседі дегендей. Ағаштың түрі көп болады енді. 5-6 мың болады»
Жобаға салынған инвестиция құны – 5 миллиард теңге. Құрылыс 2025 жылдың соңына қарай аяқталады. Барлық жұмыстар бизнесмендер тарапынан жүргізіледі. Ал әкімдік инженерлік инфрақұрылым желілерін тартуға қолдау білдіріп отыр.
Көктемнен бері полигонда дайындық қызу басталып кеткен. 250 мың текше метр топырақ төселіп, тереңдігі 120 метр болатын бес ұңғыма қазылды. Жоспарланған 3000 метр қоршаудың 500 метрі орнатылған. Қала әкімі экопарк тұрғындардың демалатын орны ғана емес, ірі экологиялық жоба боларына сенім білдірді.