Шымкентте Республика күні қарсаңында 4 бірдей мәдениет үйі пайдалануға берілді. Олар Қайнарбұлақ, Көкбұлақ, Базарқақпа және Өтеміс тұрғын алаптарында қайта жаңғырып, салтанатты түрде ашылды. Қала әкімі жергілікті тұрғындарды құттықтап, көптің батасын алды.
Төрт тұрғын алапта төрт бірдей қуаныш. Әр елді мекен «Шымкент» логотипі бейнеленген жаңа ғимаратта мерекені өзінше тойлап жатты. Жаңа шығармашылық алаңдар құру, дарынды жастарды қолдау елдегі басым бағыт, сондықтан талантқа әрдайым қолдау бар – деді әкім.
 ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Сапасы жақсы жасаған екен. Енді мереке, Сіздермен бірге осы қуанышты бөлісуге келіп отырмыз»
 Ал шымкенттіктер мегаполис басшысына өзекті мәселені шешіп, мәдени нысандарға көңіл бөліп жатқаны үшін алғыстарын білдірді.
 ОРЫНКҮЛ ҚАНАЕВА,  ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ   
«Міне, осындай заманауи мәдениет үйіміз ашылып, қуанып жатырмыз. Балаларымыз осы жерде өсіп-өніп көркейе берсін. Өте қуаныштымыз, аман болсын»
Жоба 2023 жылдың желтоқсан айында жасалған. Бір жылға жетер-жетпес уақыт ішінде 4 елді мекенде құрылыс аяқталған. Мерекелік сахна, жалпы зал стандарттарға сәйкестендірілген.
ОЛЖАС ТӘЖІБАЕВ, ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ     
«Ескі ғимараттар сүріліп, жаңасы салынды. Ғимарат заманауи материал-жабдықпен толық қамтылған. Осы мекендегі тұрғындардың сұрауына байланысты айналасындағы жердің бәрін абаттандыру жұмыстары жүргізілді»
Әр мәдениет үйінде көрермен сыйымдылығы 100-150 адам. Бұған дейін аталған елді мекендерде мәдениет үйінің орнына іші тар клубтар, ескірген ғимараттар болған көрінеді. Қазір басқа да елді мекендерден ұсыныс түскен. Әкімдік өкілдері жобаны дайындап, іске кірісіп жатыр.