Түркістан шаһарында тұңғыш рет «Сүт және ет бағытындағы асыл тұқымды ешкілер» республикалық көрмесі өтті. Бастаманы облыс әкімдігінің қолдауымен «Сексек ата» шаруалары ұйымдастырды. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысушылар, ветеринария саласының өкілдері мен қонақтар арнайы келді.


Көрмеге Заанен, Альпі, Ламанча, Англо-нуб, Бур, Камори, Гулаби сынды шетелден әкелінген, селекциялы және ең танымал 200-ге жуық мал тұқымы әкелінді. Арасында сүтті ешкілер, текелер мен лақтар да бар. Бұдан бөлек, көрмеде ешкі сүтінен жасалған өнімдер де ұсынылды. Ұйымдастырушылардың жетекшісі Амантай Жолдыбайұлының айтуынша, бұл өнімдердің адам денсаулығына пайдасы мол. Атап айтсақ, ешкі сүтінің құрамында иммуноглобулиндер бар. Ежелден туберкулез сынды көптеген ауруларды емдеу мен алдын алу үшін қолданылған.


АМАНТАЙ ЖОЛДЫБАЙҰЛЫ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

Мұндай көрмелерді біз өткіздік. Международныйларын өткіздік. Қырғызстан, Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Тәжікістан мемлекеттері арасында өткізып, солардың ішінде ең үздігі біздің Қазақстанның асыл тұқымды ешкілері болып анықталды.Осындай көрмелерді өткізіп, халықтың жүрегіне жеткізіп, таза экологиялық табиғи өнімдерді тұтынуға шақырамыз. 


Қызықты сайыстың нәтижесі бойынша ең мол сүт беретін асыл тұқымды ешкі түрін баптаған Түркістан өңірі, экстерьері бойынша Шымкент қаласы, ең ауыр салмақ негізінде Жамбыл облысы үздік атанды. Жалпы жүлде қоры -3,5 млн теңге. Бұдан бөлек, номинация иелеріне қосымша кубоктар және 300 мың теңгеге дейінгі бағалы сыйлықтар үлестірілді. «Сауыншылар», «Асылдандыру», «Ең керемет сүт өнімдері» номинация иелері олжасыз қалмады. Сонымен қатар лақтар сайысы мен сауыншылар жарысы көптің назарын аударды.


МҰРАТБАЙ МЕШИТБАЕВ, ҚАТЫСУШЫ

Жылдан жылға ешкі өнімдеріне деген халықтың сұранысы артып жатыр. Түсінісіп жатыр. Пайдалы екенін, емдік қасиеттері бар екенін біліп жатыр. Жас балаларға, нәрестелерге алады. Мен өзім 5 жыл болды ешкімен айналысып жатқаныма. Сүтін өзіміз ішеміз. Көрмеге 2023 –е келгенбіз, 2024 –те де чемпион болғанбыз.


Тың форматта ұйымдастырылған көрмеге 350-дей адам келіп тамашалады. Бастама алдағы уақытта жалғасын табады.Айта кетейік, бұған дейін халықаралық деңгейде өткізілген көрме ел ішінде сұранысқа ие болған. Тіпті көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан азаматтары қызығушылық танытып, тікелей эфир арқылы тамашалады. Өзгеше форматтағы жиынға ешкі тіркемесе де, аралап көру үшін әр аймақтан келген қонақтарда кездесті.