Шымкентте бұрын-соңды болмаған ағаш ұсталарының халықаралық фестивалі өтіп жатыр. Алғаш рет ұйымдастырылған іс-шараға Моңғолияның, Өзбекстанның, Қырғызстанның, Ресейдің және еліміздің танымал қолөнер шеберлері қатысуда. Олар өздеріне берілген тапсырманы алты күн ішінде аяқтап бітуі тиіс. Ұсталар жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Маусымның 14-і күні басталған фестивальдің қорытынды гала концерті апта соңына қойылған.
Арбат алаңы. Оннан астам ұста бірегей мүсіндік композиция дайындауға кіріскен. Олар қала рухын, мәдени мұраны, еркіндік пен достық идеясын бейнелемек.
СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Шымкентте алғаш рет бас қосып отырған бұл шеберлер Томск қаласында 15 жылдан бері өткізіліп жүрген ағаш ұсталарының сайысында топ жарған кәсіби мамандар. Олардың қатарында еліміздің мақтанышына айналған қарағандылық Ерсін Темірғали да бар. Оның айтуынша, алдағы 5 күнде дайын болатын мүсіндер қала көрінісін ашып қана қоймайды, адамзатты табиғат ананы қорғауға үндейді.
ЕРСІН ТЕМІРҒАЛИ, ШЕБЕР
Біз қазір әженің күбі пісіп отырған бейнесін ойып жасап отырмыз. Бұған дейін алты ай көлемінде Қазақ барысы деген статуетканы жасағанбыз. Бүгінгі фестиваль ұнап жатыр. Жалпы ұлттық өнерді насихаттауға қолқан үлес деп білеміз.
Фестиваль үш негізгі кезеңнен тұрады: Ұжымдық шығармашылық жұмыс, «Асар» эко-акциясы, Speed Сarving байқауы. Шектеулі уақыт ішінде байқауға қатысушылар ағаштан мүсін жасап шығару шеберлігін көрсетеді. Ал қазылар алқасы ұсталардың техникалық дәлдігі мен креативті ойлау қабілетін бағалайды. «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында қолға алынған жоба Шымкент қаласы күні мерекесінің онкүндігіне арнайы жоспарланған. Маусымның 20-сына дейін жалғасады.