Қытайлық ірі компания Қазақстанда атом электр станцияларын салуға ат салысуы мүмкін. Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесу өткізген Қасым-Жомарт Тоқаев CNNC компаниясының біздің нарықта өз орнын табатынына сенім білдірді. «Біз кемінде 2-3 атом станциясын салу туралы шешім қабылдадық. Қазір осы маңызды жобаға ірі компанияларды тартуға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр,» - деді Президент. Тараптар, Сауда, экономика, мәдениет және басқа да салалардағы ықпалдасу барысын талқылады. Қытай төрағасының Қазақстанға алтыншы сапары жайлы, Оңғар Алпысбайұлы.
Қытай көшбасшысы мінген бортты ел шекарасынан елордаға дейін Әуе күштерінің жойғыш ұшақтары алып жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық әріптесін әуежайдан өзі қарсы алды.
Трапта Құрмет қарауылының ротасы сап түзееп, мәртебелі мейманға Қазақстан мен Қытай туларын ұстаған жеткіншектер қошемет көрсетті.
Ал терминал ішінде адалдық пен достықтың нышаны ретінде балалар қазақ және қытай тілдерінде сәлемдесіп, күтіп алды. Бүлдіршіндердің қос тілде таза сөлегеніне таң қалған Си Цзиньпин, қайда оқығандары туралы сұрап, сәттілік тіледі.
Одан соң Президенттер Ақорда резиденциясына барып, жоғары деңгейдегі келіссөздер басталды. Мемлекет басшысының айтуынша, ҚХР Төрағасы қазақ жерінде қай кезде де қадірлі қонақ саналған, ал оның бұл жолғы сапары – шынайы әрі мызғымас достығымыздың айқын көрінісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасының елімізге сапары оның туған күнімен тұспа-тұс келіп отырғанына ерекше мән берді. Си Цзиньпинге зор денсаулық, бақ-береке, жауапты мемлекеттік қызметіне толайым табыс тіледі.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Қытай байырғы көрші, уақыт сүзгісінен өткен сенімді стратегиялық серіктес. Екі елдің бірнеше халықаралық ұйымға мүшелегі ортақ мүдде, саяси жақындығының дәлелі. Мәдени гуманитарлық, білім салаларындағы байланысымыз да бекем. Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласына арнайы тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Қазақстанда бірнеше, тым болмағанда екі-үш АЭС салу туралы шешім қабылдадық. Осы маңызды жобаға ірі компанияларды тартуға қатысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі құрылды. АЭС құрылысы бойынша Қытайдың CNNC компаниясын сенімді стратегиялық серіктес ретінде қарастырып отырғанымызды ерекше атап өткім келеді. Әлемге әйгілі компания біздің нарықта өз орнын табатыны анық. Сонымен қатар Қазақстан Қытайға табиғи уран мен ядролық отын жеткізіп отырған сенімді ел.
Қытай Қазақстанға инвестиция құятын елдердің үздік бестігіне кіреді. Ауыл шаруашылығы, өндіріс, тау кен, құрылыс және цифрлық технологиялар саласында ортақ кәсіпорындарымыз өте көп.
БАУЫРЖАН ӘУКЕН, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ АЗИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕР БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІ САРАПШЫСЫ:
Қытай өзіміз білетіндей сандық экономикада, жаңа технология салаларында әлемнің жетекші елі болып табылады. Сондықтанда мына Қазақстанның жастары үшін, Қазақстандық кәсіпкерлер үшін Қытайдың тәжірибесін игеру, Қытайдың тәжірибесін игере отырып өзінің кәсіптерін дамыту, Қытайдың нарқына шығу яғни бұл әлбетте біздің халық үшін үлкен бір мүмкіндіктер ашады.
Си Цзиньпин Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Қазақстан ұлттық жаңғыру жолына түскенін, ел дамуында тың табыстарға қол жеткізіп келе жатқанын атап өтті.
СИ ЦЗИНЬПИН ҚЫТАЙ ХАЛЫҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
Тату көрші әрі стратегиялық серіктес ретінде біз Сіздердің жетістіктеріңізге тәнтіміз. Сіздер үшін қуаныштымыз. Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары бірлескен күш-жігердің нәтижесінде тағдыры ортақ Қытай мен Қазақстан арасындағы ықпалдастық жаңа мән-мазмұнмен толығып жатыр. Бірқатар әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асырылуы қос халыққа айтарлықтай пайда әкелді. Мен Өзіңізбен тізе қосып, Қытай-Қазақстан достығын нығайтуға, өңірдің және жалпы әлемнің дамуына елеулі үлес қосу үшін екі елдің сан қырлы ынтымақтастығын одан әрі ілгерілетуге әзірмін.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин жүргізген келіссөз нәтижесінде 24 үкіметаралық және ведомствоаралық құжатқа қол қойылды.