Еліміздің еңбек нарығы жыл сайын 300 мыңнан астам маманмен толығып отырады. Енді сұраныстағы тағы 8 мамандық оқытылатын болды. Олардың ішінде бұрын соңды болмаған 3Д басып шығару инженерлері мен роботты бояу жүйелерінің операторлары да бар. Бұдан өзге қай салаларға басымдық берілмек? Шынар Әуелбай тарқатып айтып берсін.


ШЫНАР ӘУЕЛБАЙ, ТІЛШІ:

Қазір жасанды интеллект технологияларын пайдаланумен 60 кәсіби стандарт дайындалып жатыр. Олар экономиканың негізгі салаларында, оның ішінде машина жасап шығаруда 336 кәсіпті стандарт әзірленеді. Оған қоса, инженерлік - технология мамандарының біліктілігін арттыру үшін шетелдік кәсіпорындардан тағлымдамадан өту жайы да қарастырылады. Ал озық тәжірибені меңгеріп, шет ел асып оқимын деушілер үшін оқу ақысының 50 пайызын мемлекет, қалғаны кәсіпорын қаражаты есебінен жабылады екен. Химия өнеркәсібіне де басымдық берілмек. Бұл салада кадр тапшылығын шешу үшін жетекші оқу орындарында, атап айтсақ, Satbayev University, ҚазҰУ, сондай-ақ Тараз химия-технологиялық колледжі секілді бейінді оқу орындарында мемлекеттік білім беру гранттары едәуір кеңейтіліп, 536 колледжде дуалды білім беру бағдарламалары енгізілмек.