Түркістан қаласында денсаулық сақтау саласы нығайып келеді. Қазір мұнда «Ана мен бала» орталығы мен оңалту орталығының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жұмыстарды облыс әкімі аппаратының басшысы Еркебұлан Дауылбаев бақылап, мердігерлерге бірқатар нақты тапсырмалар берді.


80 төсек-орындық «Ана мен бала» орталығы Біріккен Араб Әмірліктерінің «Абу-Даби» қорының демеушілігімен салынып жатыр. Жалпы ауданы 17 мың шаршы метрден асатын екі қабатты ғимаратта қазіргі таңда іргетас құю жұмыстары жүргізілуде. Ал оңалту орталығының құрылысы 1,56 гектар аумақта жүргізіліп жатыр. Мұнда заманауи жабдықтармен қамтылған, көгалдандырылған орталық бой көтереді деп жоспарланып отыр. «Ана мен бала» орталығы мен оңалту орталығы өңір тұрғындарының медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттырады. Жаңа нысандар жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.