Қазақ баласын тәрбиелеп жүрген кітап па, Сhat GPT ме? Бүгінде сан-сауалдың жауабын жасанды интеллектіден іздейтіндер көп. Мамандар осылай деп алаңдағанымен, қоғамда кітапқұмар жастар да жетерлік. Елбасының бастауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осыған дейін бірнеше жобалар қолға алынған еді. Солардың бірі – «100 кітап» жобасы. Бұл бастамаға үлес қосып жүрген өрендермен танысып қайтқан әріптесім Шынар Әуелбайды тыңдайық.


8 сыныпты аяқтаған Дидар Мәскеубай қазақ әдебиетінің қайнар бұлағынан сусындап жүрген жастардың бірі. Батырлар, лиро-эпостық жырларды бала кезден жастанып өсіп, осыған дейін 20-дан аса автордың шығармасын тауысыпты. Б.Соқпақбаевтың еңбектерінен бастап бүгінде классик жазушылардың күрделі шығармаларын оқып жүр. Күніне 2 сағатын кітап оқуға арнап, кемі 50-60 бетін бітіреді екен.


ДИДАР МӘСКЕУБАЙ, №106 ҚАЙНАРБҰЛАҚ ЖАЛПЫ ОРТА БІЛІМ БЕРЕТІН МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ

Мен кітап оқымағанға дейін өте қатты ұялшақ, ортаға шыға алмайтын адам болатынмын. Осы кітап оқығанға дейін рухани байып, қазіргі таңда түрлі іс-шараларға белсене аталысып жатырмын.

Жалпы адам кітапты оқығанда беріліп оқуы тиіс. Сонда ғана сол кітаптың қай жерде баяндалғанын,қандай шығарма екені, кейіпкері кімдер екенін білетін жақсы білетін болады. Сондықтан әр бала кітапханаға келіп, жеке өзі кітап оқығаны міндетті деп ойлаймын.


Болашақ – Сhat GPT-ден ақыл сұрайтын емес, қойны-қонышынан кітап түспейтін жастардың қолында дейміз. Ал, олардың рухани байи түсуіне әдеби оқулықтарға баулитын жобалардың жасалып жатқаны сеп,-деп пайымдайды Мейіржан Жақып.


МЕЙІРЖАН ЖАҚЫП, «ӘЛ-ФАРАБИ» АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ӘМБЕБАП КІТАПХАНАСЫНЫҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ

Жанымызға қуат беретін, бойымызға рух сыйлайтын батырлар жыры, көркем әдебиетіміз бар, тарихымыз бар. Алтын дәуірлеріміз бар. Соларды кітаптан оқып, миымызға құйып өссек, сонда біз рухани кемелденген, дамыған ұлт боламыз. Мемлекет басшысының Кітап оқитын ұлт деген бағдарламасының ажарын аша білеміз деп ойлаймын.


Қысқасы, «Озық ойлы болудың ең төте жолы – кітап оқу» екенін ұқтық. Ұлттық құрылтай отырысында да былтыр Президент осыны тілге тиек еткен еді. Ол өз кезегінде жастарды білімге ғана құштар етіп қоймай, рухани байыта түспек.