Елде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару нәтижесінде әлеуметтік маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бұл қаражат елдегі инфрақұрылымды дамытуға бағытталған.


АЙГЕРІМ ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ

Қазіргі таңда арнаулы мемлекеттік қор арқылы 406 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Оның ішінде денсаулық сақтау саласында – 162, сумен жабдықтау бойынша – 159, білім беру саласында – 9, спортта – 3 нысан салынып жатыр. Атап айтқанда: Шығыс Қазақстанда медициналық мекемелер, оның ішінде 148 орындық стационар және заманауи жабдықталған клиникалар бой көтереді. Алматыда сумен жабдықтау жүйесін дамыту бойынша 9 жоба іске асырылып отыр. Астанада UEFA стандарттарына сай жаңа стадион салынып жатыр. Шымкентте «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» тәрбиеленушілері үшін 300 орындық жатақхана құрылысы басталды. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету, шалғайдағы медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және бұқаралық спортты дамыту басты назарда. Ақмола облысында денсаулық сақтау, сумен жабдықтау және спорт саласындағы 38 жоба іске асырылып, жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен медициналық пункттер ашылды. Қарағанды облысында 51 медициналық нысан салынады. Қайтарылған активтер халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталып, еліміздің әр өңірінде нақты нәтижелерін көрсетуде.