Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының тұсаукесері өтті. Тұсаукесер шараға «Отбасы хрестоматиясы»  жобасының авторы, шығыстанушы, ағартушы Санжар Керімбай қатысып, оқырмандармен ой бөлісті.
 «Қаныш және ғылыми майдан» кітабы Ғылым академиясының негізін қалаушы ғалым Қаныш Сәтбаевтың болмысы, өмір жолы айтылған. Ғалымның ғылым жолындағы жанқиярлық ерліктеріне экзистенция анализ арқылы талдау жасалған кітап. 1946 жылы ашылған Қазақ Ғылым Академиясының тарихы мен жетістігі де кеңірек баяндалған. Қаныш Сәтбаевтың жанына серік болған ғылыми майдандағы достары М.Әуезов, Ж.Шаяхметов, Ш.Шекин, Ш.Есенов, Е.Бөкетов, Е.Ысмайлов, Б. Кенжебаев сынды тұлғалардың да өмірі жайында мәлімет берілген.
Қазақ мәдениеті, философиясы және ұлттық болмыс туралы зерттеулерімен танымал Санжар Керімбайдың бұл кітабы жас ұрпақтың Қаныштай тұлға болып қалыптасуына ықпалы мол болатынын айтты. Оқырмандар да автордың шығармаларынан үлгі алуға болатынын жеткізді.
 Қазақ мәдениеті мен танымына, ұлтшыл тұлғалардың өміріне қызығатын оқырманға арналған бұл кітаптың Қаныш Сатбаевқа арналған басқа кітаптан ерекшелігі кейіпкердің өмірбаянын толық баяндап шығуды мақсат етпейді. Қаныш Сатбаевтың кейбір шешімі мен іс- әрекетін экзистенция анализі, онтология, логотерапия, феноменологиялық әдіспен түсіндіреді.