Алаш арысы Сәкен Сейфуллиннің туғанына биыл 130 жыл. Саналы ғұмырын қазақ әдебиетінің қалыптасуына арнаған тау тұлғаның шығармалары ел тарихында өшпес із қалдырды. Айтулы күнге орай, А. Пушкин атындағы қалалық әмбебап кітапханасының ұжымы «Сәкен - Сұңқар» атты әдеби кеш ұйымдастырып ақын, жазушының өмір жолын жастарға кеңінен насихаттады.
Сәкен Сейфуллин 1894 жылы Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Жазушының өмірі Ақмола облысымен тығыз байланысты. Дәл осы аймақта ақынның тың туындылары жарық көрген.  Бүгінгі көрмеде Алаш арысының шығармашылығы жастарға кеңінен насихатталды.
 Әдеби кеште «Сәкен - Сұңқар» драмасынан үзінді қойылды. Қазақ әдебиетінің негізін қалаушы, ақын, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған сахналық көріністе Сәкен Сейфуллиннің мемлекеттік және қоғамдық қызметі де көрсетілді.
Мерекелік кеште жастар ақынның шығармаларын оқып, әндерін  шырқады. Жыр шумақтарынан шабыт алған көрермен арнау да айтты.