Шымкентте мемлекеттік грант беру бойынша комиссия отырысы өтті. Бұл күні кәсіпті кеңейтуге мүдделі 20-ға тарта азаматтың өтініші қаралды. Мамандар кәсіп иелерінің бизнес жоспарымен танысып, негізгі критерилер бойынша шешім шығарды.  Сонымен қатар мемлекеттік мүмкіндікке қол жеткізгендер кімдер?! Тілші жалғастырсын.
 Мемлекеттік грант — ұстағанның қолында, тістегеннің ауызында кететін батпан құйрық емес. Оған тек елге қызмет етіп, әлеуметтік осал топқа көмек қолын созатындар ғана ие болады. Яғни жаңа кәсіп бастағандар мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтуы міндеттеледі.
 ҮСЕН ИСАЕВ, КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ ИНДУСТРИАЛДЫ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
-Қазір бұл кәсіпкерге арнайы бағыт қарастырылған. Сол бағыттар бойынша қарап жатыр. Негізі енді бұл үлкен көмек кәсіпкерлерге. Олар әлеуметтік салаға оң ықпал ететін жобалар ұсынып отыр.
Грант алуға 19 үміткер өтініш білдірген. Оның 6-ы “Бір ауыл — бір өнім” жобасының жеңімпаздары. Бұл күні мамандар ұлттық киім өндірісі, медициналық қызмет, жиһаз өндірісі бойынша тың бастамалармен танысты. Әлеуметке оң ықпал ететіндерін жоғары бағалап жатты.
 РҮСТЕМ ӘШЕТАЕВ, КОМИССИЯ ТӨРАҒАСЫ
- Бұл жерде ұңғыл-шұңғылына дейін қараймыз. Жалпы шын мұқтаж, кәсібі нәтиже беретін азаматтарға береміз деп отырмыз.
2019 жылы бастау алған жоба нәтижесіз емес. Шымкентте 180 азамат мемлекеттен грант алып, ісін дөңгелетіп отыр. Десе де осы мүмкіндікті майшелпек көріп, қазына қаражатын оңды-солды жұмсағандар да жоқ емес. Комиссия мүшелері грантты мақсатты игермеген 9 азаматтың ісін сотқа жолдады.