Ішкі істер министрлігі елдегі құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша қарқынды жұмыс жүргізуді жалғастырып жатыр. Басты міндет — әрбір азамат өзін қауіпсіз сезініп, заң бұзушылықтың кез келген түрі жазасыз қалмайтынына сенімді болуы.
Қазіргі таңда полиция қызметкерлерінің де, азаматтардың да әрекеттері бейнебақылау камералары, регистраторлар мен смартжетондар арқылы жазылады. Барлық мәлімет Министрліктің Өзіндік қауіпсіздік департаментімен тұрақты түрде қадағаланып отырады. осы ескертулерге қарамастан, кейбір азаматтар заңсыз әрекеттерге барып, оның ішінде лауазымды тұлғаларға пара беруге әрекеттену жағдайлары жалғасуда. Күшейтілген бақылау басталғаннан бері осындай әрекеттер туралы полиция қызметкерлерінен 900-ден астам хабарлама түсті. Пара беру фактілері бойынша 70-тен астам қылмыстық іс қозғалды.
ШЫҢҒЫС ӘЛЕКЕШЕВ, ІІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:
- «Заңды сақтаңыздар және әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатын әрекеттерді жасамаңыздар. Тек бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ғана біз тәртіп пен әділдік орнайтын қауіпсіз қоғам құра аламыз»,
Астана қаласында бір азамат жауапкершіліктен құтылу үшін ақшаны қызметтік көлікте қалдырған. Құқық бұзушы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Көкшетау қаласында ер азамат қылмыстық жауаптылықтан жалтару үшін полиция қызметкерлеріне 500 мың теңге ұсынған. Іс сотқа жіберілді.