Мемлекет басшысының Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының» жылы болып жарияланды. Осының аясында кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Іс-шаралар жоспары 7 бағыт пен 70 қадамды құрайды.
 Жаңа мамандықтар атласын әзірлеу, кәсіптік бағдар беру тұжырымдамасын жүзеге асыру көзделген. Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау да назарда. Кәсіби білікті кадрлар даярлау, сапалы жұмыс орындарын құру, жұмысшы кадрлардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған. Кәсіпорындармен бірлесіп мектептерде 1000 бейіндік сынып ашылады. «Кәсіптік бағдар берудің реформасы оқушыларға еңбек нарығындағы жаңа талаптар туралы білуге жол ашады. Экономиканың нақты секторларындағы мансап перспективаларын бағалауға және мамандықтарды дұрыс таңдауға мүмкіндік береді. Бұл үшін мектептердегі кәсіби бағдарлау қызметі күшейтіледі, осы арқылы оқушылар толығымен кәсіби диагностикамен қамтылады. Жоғары сынып оқушыларын практикалық дағдыларға және колледждер базасында алғашқы жұмыс кәсібіне оқыту тәжірибесі енгізіледі. Елімізде кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда жарты миллионнан астам студент оқиды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынға ұлғайды, ал студенттердің стипендиясы екі есеге өсті.