2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтарын қолдау жылы» деп жарияланды. Бұл бастама білім беру жүйесін жетілдірумен қатар, жастарды кәсіби мамандықтарға тарту мақсатында қолға алынып отыр. Еңбек нарығында жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттыруға арналған түрлі жоба аясында мемлекеттік қолдаулар көрсетіліп, бағдарламалар іске қосылмақ. Сондай-ақ кәсіптік білім беру жүйесіне жаңа стандарттар енгізілмек.  
Аспазшы болу – Дастан Байназардың бала күнгі арманы. Ата-анасының жанында жүріп түрлі тағам дайындауды үйренген ол кәсіби тұрғыда  білім алу үшін «Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжіне оқуға түсіпті. 1 курс студентінің жеткен жетістіктері жетерлік.  
 Соңғы жылдары кәсіптік білімге айрықша көңіл бөлініп, бірнеше бастамалар мен реформалар жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте білім беру бағдарламаларының жаңартылғаны, оқу орындарының заманауи талаптарға сай жабдықталуы, кәсіптік білім беруде өндіріс арасындағы ынтымақтастықты нығайту және оқу орындарының халықаралық стандартқа сай болғаны маңызды.
Кәсіптік білім беру мен жоғары білім беру арасындағы байланысты нығайту да өзекті.  Кәсіпорындардың қажеттілігіне қарай оқытуды ұйымдастырумен қатар,  инновациялық технологияларды енгізу мәселелері де зор маңызға ие.
1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі ұлғаятын болады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Үкімет отырысында айтты. Осылайша жұмысшы мамандарының беделін арттыруға болатынын жеткізген министр білім ұйымдарын заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықтау және педагогтердің біліктілігін арттыру біз үшін басты басымдық, деді.