Қазақстандықтар енді көлікті 5 минуттан артық қыздырғаны үшін айыппұл арқалайтын болады.  Қазақстан Республикасының Жол жүрісі ережелерінің 88-бабы 5-тармағына сәйкес елді мекендерде қозғалтқышы қосулы көліктердің тұруы, егер ол тұрғындарға қолайсыздық туғызса, тыйым салынады.

5 айлық есептік көрсеткіш 19 660 теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Егер көлік жүргізушісі бұл ережені 12 ай ішінде қайта бұзса, айыппұл мөлшері 10 АЕК, яғни 39 320 теңгеге дейін артады. Айыппұл салу үшін мемлекеттік тіркеу нөмірі, құқықбұзушылық жасалған уақыт пен күні көрсетілген 5 минуттан асқаны көрінетін бейнежазба керек. Тұрғындар көлік иесінің ереже бұзғанын дәлелдейтін бейнежазбаны полицияға көрсету арқылы арыздана алады. Мұндай шағымдар әкімшілік құқықбұзушылық бойынша шара қолдануға негіз болады.  Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерінің 2-бөлімінің 9-тармағына сәйкес көлік жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тағуға міндетті. Ал қауіпсіздік белдігін тақпаған жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады. Бұл талапты орындамаған жағдайда да 19 мың теңге көлемінде айыппұл қаралған.