Елімізде жаңа ипотекалық бағдарлама іске қосылады. Олжас Бектенов жауапты министрлерге жұмысшы мамандық иелеріне арналған тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді тапсырды. Еңбек адамдарының жағдайын жақсарту үшін Үкімет биыл тағы қандай шаралар қабылдайды? Техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау туралы Президент тапсырмасы қалай іске асады? Сюжеттен көрейік.   
Үкімет жаңа жылдағы алғашқы отырысын Жұмысшылар жылында атқарылуы тиіс шараларды пысықтауға арнады. Еңбек нарығында проблема аз емес. Өнеркәсіпте қауіпсіздіктің сақталмауы, жалақының аздығы және кадр жетіспеушілігі әлі де өзекті. Алдағы 6 жылда 1 жарым млннан астам жұмыс күші тапшы болады деген болжам бар. Ал кәсіби дағдыларды үйретуі тиіс колледждердегі білім сапасы көңіл көншітпейді. Оқу-ағарту министрі бұған білім ошақтарындағы техникалық базаның ескіруі себеп дейді. Сондықтан жаңа оқу жылынан бастап колледж студенттеріне бөлінетін қаржы көлемін 2 есе арттырмақ.
КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІНЕ БӨЛІНЕТІН ҚАРЖЫ ЕКІ ЕСЕ АРТАДЫ
ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ
 Қолданыстағы жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес 1 студентті даярлау үшін бөлінетін қаржының орташа мөлшері 437 мың теңгені құраса, ол  енді орташа есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады
ОТАНДЫҚ КОЛЛЕДЖДЕР АЭС-ТЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН МАМАНДАР ДАЯРЛАЙДЫ  
Қазынадан бұл мақсатқа жыл сайын 58 миллиард теңге бөлінеді. Ал дәл осы колледждерде білім алған студенттер атом электр станциясында еңбек ететін болады. Жоба құрылысы кезінде 15 мың, нысан пайдалануға берілгенде 2 мың азамат жұмыспен қамтылады.  
 АЛМАСАДАМ СӘТҚАЛИЕВ, ҚР ЭНЕРГЕТИКА МИНИСТРІ  
 АЭС құрылысын қолдау үшін отандық колледждер АЭС-қа арналған мамандықтарды дайындайтын болады (дозиметрист, газтурбина слесары, АЭС жабдықтарды жөндеу маманы, АЭС ақпарат технологиялар бойынша маманы және т.б.).
ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІН БҰЗҒАНЫ ҮШІН ӘКІМШІЛІК ЖАУАПКЕРШІЛІК КҮШЕЙТІЛЕДІ  
Ал еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін кәсіпорындарға талап күшейтілмек. Өндірістік жарақатты алдын алу үшін цифрлық мониторинг тетіктері енгізіледі.
СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ  
Кәсіпорындарға сын-қатер класын беріп, кәсіптік тәуекелдерді интегралды бағалау енгізіледі. Сондай-ақ оқытуға және білімді тексеруге қойылатын талаптарды, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтіледі
ЖҰМЫСШЫЛАРҒА АРНАЛҒАН ИПОТЕКАЛЫҚ БАҒДАРЛАМА ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ  
 Жұмысшылар жылында іске асатын тағы бір негізгі бастама –еңбек адамдарына арналған ипотекалық бағдарламаның ашылуы. Үкімет басшысы жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:  
Өнеркәсіп, энергетика, транспорт, ауыл шаруашылығы, су ресурстары министрлігіне кәсіпорындар, әкімдіктер және Отбасы банкімен бірге жұмысшы кадрлер үшін жеңілдетілген ипотекалық және жалға алу бағдарламасымен жұмыс істеуді тапсырамын
АЙЯ МҮТӘЛІ, ТІЛШІ:  
Олжас Бектенов отырыс соңында бірқатар тапсырма берді. Барлық іс-шаралар жүйелі, нәтижелі және олардың әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді әсері болуы тиіс деді. Әрі Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу мәселелерін үнемі бақылауда ұстайтынын айтып, сөзін түйіндеді.