Нарыққа мыңдаған білікті жұмысшы қажет. ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов кадр даярлау ісінде жаңа тәсілдерді жүзеге асырып, мектептер, колледждер, кәсіпорындар арасында өзара іс-қимыл моделін құру керек деді. Экономиканың басты қуаты – кәсібін жетік меңгерген жұмысшы мамандар екенін баса айтты.

Қазіргі жұмысшылар жоғары технологиялық жабдықтармен, автоматтандырылған жүйелермен жұмыс істейді. Бұл біліктілікті арттырып, интеллектуалдық әлеуетті және цифрлық сауаттылықты, жеке құзіреттілікті үздіксіз дамытып отыруды талап етеді.

МҰХТАР КЕНЖЕБЕКОВ, «КТЗ» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ       

   «Мемлекет басшысының жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялауын қос қолдап қолдаймыз. Біздің нарыққа жұмысшы мамандықтар жетіспейтіні рас. Біздің зауыт машина құрылысымен айналысқандықтан, кәсіби мамандарға мұқтажбыз. Дәнекерлеуші, машинист, операторлар бізге қажет»

 Олжас Бектенов жаңа маман иелеріне сұраныс жоғары деді. Жастардың жұмысшы кәсіптерін саналы түрде таңдауы үшін кәсіптік бағдар беру ісінде жаңа тәсілдерді жүзеге асыру қажет. Болашақ маман өзінің кәсіптік перспективаларын көріп отыруы үшін мектептер мен мен колледждер, кәсіпорындар арасында өзара іс-қимыл моделін құру ұсынылды.

 Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан колледждерде оқытуды қаржыландыру 2 есе ұлғайтылды. Халықаралық талаптарға сай жаңа білім беру бағдарламалары енгізілуде. Сондай-ақ Астана қаласының әкімдігімен бірге құзыреттер орталығын құру жоспарланып отыр. Премьер-министр бизнес, жұмыс берушілер, инвесторлар тарапынан да тиісті шаралар қабылдануы тиіс екенін, сондай-ақ осы бағыттағы жұмысты «Самұрық-Қазына» қоры белсенді жүргізуі қажет екенін баса айтты.