ҚР Энергетика Министрі Алмасадам Сәтқалиевтің Түркістан облысына жұмыс сапары басталды. Мақсат – Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы тапсырмаларын орындау, аймақтың инфрақұрылымын дамытып, энергетикалық әлеуетін көтеру. Облыс әкімдігінде өткен мәжілісте министр өңірдегі энергетика саласына қатысты мәселелерді шешу жолдары туралы ой қозғап, маңызды жобаларды талқылады.
Түркістан облысың әкімі Нұралхан Көшеров облыста энергетика тапшылығын жою, жаңа қуат көздерін өндіретін станциялардың құрылысына қатысты ұсыныстарын жеткізді. Нақтырағы, Түркістан және Кентау қалаларының жылу желілерін қайта құру, Түркістан қаласындағы «Яссы» және «Орталық» қосалқы станциялардың арасындағы 110 кВ электр желілерінің құрылысы, облыс тұрғындарын газбен қамтамасыз ету жұмысын жалғастыру жайын қозғады.
Өткен жылы Кентаудағы Жылу станциясы жаңғыртылып, қазандықтары жаңарды. Жылу мәселесі шешілді. Облыстың электр энергия қажетін қамтамасыз ету мақсатында Сайрамда 1000 МВт бу-газ станциясы, Түлкібаста 320 МВт, Кентауда 240 МВт газ турбина станцияларын, сонымен қатар, Сауран, Сайрам аудандарында 785 МВт күн, Бәйдібек ауданында 350 МВт жел электр станцияларын салу жоспарланып отыр.
Облыста қуаты 278,6 МВт болатын 24 жаңартылатын энергия көздері нысандары жұмыс істеп жатыр. 2024 жылы Келес ауданында «Қызыләскер», Түркістан қаласында 110 «Солтүстік» қосалқы станциялары электр желілерімен қоса жүргізіліп, пайдалануға берілді. 2024 жылы 53 елді мекен газдандырылды. Нәтижесінде газбен қамтылған елді мекендер саны 563-ке жеткізілді. Аймақта элекр желілерін жаңарту, елді мекендерді сапалы электрмен қамту жұмыстары жалғасады.
Ведомство басшысы өңірдегі аса күрделі мәселелерді қарап, қаржыландыру жайтын талқылау қажетін айтты. Инфрақұрылымдық жүйелерді жаңғыртып, халықтың ыңғайлы тіршілігін қамтамасыз ету керек деді.