Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясында «Ядролық медицина» бағытында ауқымды конференция өтті. Онда заманауи, озық технологияларды пайдалана отырып онкология, кардиология және неврологиядағы диагностика мен терапия әдістерін дамыту мәселелері көтеріліп, талқыланды. Алқалы жиынға алыс-жақын шет елдерден білікті спикерлер келіп, отандық мамандармен тәжірибе алмасты.

 Ядролық медицинаны іс жүзінде қолдану – күн тәртібіндегі мәселе. Оған ерекше назар аударып, жан-жақты зерделеу қажет. Медицинаның бұл бағыты отандық емдеу әдістерін серпілтіп, ауыр ауыруларды уақытылы анықтауға және оны тиімді емдеуге мүмкіндік береді. Осылай деген Ресейлік маман Артем Паронин: конференцияның ғалымдар үшін де жергілікті медицина қызметкерлері үшін де берер пайдасы орасан дейді.

 АРТЕМ ПАРОНИН, РАДИОЛОГ-ДӘРІГЕР

«Ядорлық медицина денсаулық сақтау саласының енді дамып келе жатқан бағыты. Бұл әлем үшін, оның ішінде Қазақстан мен Ресей үшін де жас, жаңа сала. Қазіргі таңда қазақстанда позитронды эмиссиялық томография орталықтары ашылған. Алматы мен Астана және оңтүстік өңірлерде де циклатрондық өндірісі бар үлкен диагностикалық орталықтар көптеп болуы керек.  Бұл жаңа клиникалық жұмыстар мен ғылыми жұмыстарды серпілтуге мүмкіндік береді.»

Екінші курс резиденті Олжас Қалжан болашақ невролог. Тәлім алушы таңдаған бағытының қиын әрі күрделі, шиеленісті екенін айтады. Сондықтан оған осы сынды конференцияларға жиі қатысып білімін ұштап отыру аса маңызды. Сөзінше, «ядорлық медицинаның» дамуы, кең етек жаюы отандық денсаулық сақтау саласын одан әрі дамытып, оң өзгерістерге жол ашады.

Оңтүстік Қазақстан Медициналық академиясы жанынан салынатын 900 орынға лайықталған көп салалы аурухана құрлысы басталып кеткен. Елжан Біртановтың сөзінше клиника құрамына тап осы онкология және ядорлық медицина орталығы да енеді. Қазір болашақ орталықты заманауи құрылғылармен жабдықтап, оған маман даярлау процестері де басталып кеткен.

 ЕЛЖАН БІРТАНОВ, ЖОБА ЖЕТЕКШІСІ, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ
– Қазіргі таңда Оңтүстікте, Шымкентте онкология мәселесі өте күрделі. Өкіншке көп науқастар осы Шымкенттің өзінен ем ала-алмай Астана, Алматы қалаларына барып жатады. Шетелге баруға мәжбүр. Соның бәрін тоқтату үшін осы орталық қажет.»

 Конференцияға шетелдік қонақтармен қатар ғаламтор арқылы Түркиялық және Алматы, Астаналық мамандар да тікелей қосылып, тақырып төңірегінде пікір алмасты. Бағдарлама шеңберінде радио фарм препараттарды қолдана отырып диагностика мен емдеуді дамытудың негізгі бағыттары, медициналық мекемелер үшін инновациялық шешімдер, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық компаниялармен ынтымақтастық перспективалары талқыланды.