Қазақстанда әр сегізінші оқушы әлімжеттікке тап болады. Былтыр түрлі психологиялық қолдау орталықтарына 250 мың адам осы мәселемен жүгінген. 111 бірыңғай байланыс нөміріне балалардан 17 мың қоңырау түсіпті. Бұл туралы оқу-ағарту вице-министрі мәлімдеді.  
Былтыр енгізілген оқушылардың анонимді өтінішін қабылдау жүйесіне 1 айдың ішінде 25 мың хат келіп түскен. QR-код арқылы балалар түрлі қысымға ұшырағанын хабарлапты. Ашық порталдағы мәліметтерде кейінгі 5 жылда кәмелетке толмағандардың өзіне қол салу жиілігі тұрақты өсіп отырған. Әзірге мамандар аутоагрессивті мінез-құлықты балалармен жұмыс істеуге бар әдісті қолданып жатыр.

 Мәселенің шешімі ретінде оқу-ағарту министрлігі биылғы оқу жылынан бастап «ДосболLike» антибуллингтік бағдарламасын барлық мектеп пен колледжде ендіруді жоспарлап отыр. Бұл бастама қауіпсіз білім беру ортасын құруға және буллингті болдырмауға бағытталған. Одан бөлек, министрліктің ұстанымы – балаларды қатаң жазалау емес, гуманды тәрбие беру. Ал ересектерге талап күшейетін болды.
Халықаралық HBSC зерттеуі бойынша Қазақстанда әр сегізінші оқушы буллингке ұшырайды. Денсаулық сақтау министрлігінің 2022 жылғы мәліметіне сүйенсек, Қазақстандағы балалардың 17,5 пайызы буллингке тап болады. Сауалнамаға қатысқан оқушылардың 6,8 проценті мектептегі қатарластарынан айына кем дегенде 2-3 рет қысым көретінін айтқан.