Республика күні қарсаңында үшінші мегаполисте мемлекеттік қызметшілердің Ант қабылдау рәсімі өтті. Тағылымды шара жас мамандардың ел алдындағы жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Ант қабылдау - әрбір мемлекеттік қызметші үшін ел мен халық алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі. Жиында мемлекеттік қызмет өкілінің беделі тек атқаратын міндетімен емес, адами ұстанымымен де айқындалатыны айтылды.
ҚАНАТ ҚАДЫРБЕКОВ, ҚАЛАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ
Біз әдетте департамент тарапынан осындай тәлім-тәрбиеге толы, мемлекеттік қызметтің маңызы мен жауапкершілігін түсіндіру мақсатында мұндай іс-шараларды үнемі жүргіземіз. Жас мемлекеттік қызметшілерге тәрбие беру, қызметтік жолына демеу болу – біздің департаменттің мақсаты.
Салтанатты шарада тәжірибелі қызметкерлер жас буынға ақ жол тілеп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Мемлекеттік қызметтің қадір-қасиетін түсініп, қоғам алдындағы міндетті адал орындаудың маңызы ерекше аталды. Сондай-ақ, еңбегімен елге үлгі болған ардагерлерге арнайы марапат табысталды.
ШАЗАДАХАН ИМАНАЛИЕВА, ЗЕЙНЕТКЕР
Мемлекеттік қызметте жұмыс істеп жүрген сәтімде көптеген жаңалықтарды іске асыруға атсалыстым. Жұмысымыздың жүгі ауыр болса да, жауапкершілікпен атқардым. Басқа салаға кеткен жоқпын, таңдаған кәсібімізде жемісті еңбек еттік. Салтанатты түрде мерекелік шараға шақырып, құрметтеп жатқандарына ризамын.
Мұндай мазмұнды шаралар мемлекеттік қызметтің мерейін арттырып қана қоймай, жас мамандардың бойында отансүйгіштік сезім мен кәсіби жауапкершілікті қалыптастырады. Олар үшін бұл күн - тек ант беру рәсімі емес, адалдық пен әділдікке негізделген жаңа өмірдің бастауы.