Биыл біздің ел үшінші рет Кітапханашылар күні мерекесін атап өтеді. Үкімет қаулысымен 2022 жылы бекітілген бұл мереке осы саланың дамуына серпін бергендей. Өйткені соңғы жылдары елдегі көптеген кітапхана жаңғыртылып, жұмыс істеу жүйесі де жетілдірілді. Толығырақ келесі сюжетте.


 Мөлдір Нарзуллақызы 20 жылдан бері кітапханашы болып еңбек етеді. Сөрелердегі сан мыңдаған оқулықтың орнын да, олардың жағдайын да жатқа біледі. Мөлдірдің айтуынша, қазір оның жұмысы жеңілдеген. Мәселен, бұрын кітаптарды тіркеу мен оны оқырманға беру, қайта алу кезінде барлық жұмыс қағаз арқылы жүргізілсе, қазір электронды жүйе арқылы жүзеге асады.


 МӨЛДІР АЛДАШҮКІРОВА, КІТАПХАНАШЫ

2022 жылдан бері Кабис жеңілдетілген жүйесімен жұмыс істеп келеміз. Ол өте ыңғайлы. Бұрын қағазбасты болатын едік. Қазір барлығы электронды түрде. Бір кітапты тіркеген кезде алфавиттік және жүйелік каталогтар мен картотекаларды бір жүйеде шығарамыз.


Түркістандық шәкірт Бауыржан Әмірбек - кітапханаға жиі келетіндердің бірі. Барлық білімнің кілті кітапта деп білетін студент қазіргі таңда Абай шығармаларын оқып жүр. Айтуынша, қазір іздеген кітапты тауып оқу әлдеқайда жеңіл.


БАУЫРЖАН ӘМІРБЕК, СТУДЕНТ

Абай атамыздың 180 жылдығын атап өтейін деп жатырмыз. Сол іс-шараға байланысты қазіргі кезде Абай атамыздың кітаптарын көп оқып жүрмін. Осы уақытқа дейін кітапханадан керекті кітаптардың бәрін тауып оқып келемін.


Кітапханалар ісін электронды жүйеге көшіру тек кітапханашылардың жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, электронды оқулықтар санының артуына да әсер еткен. Оған дәлел - қазір сұранысқа ие көптеген кітапты электронды нұсқада оқуға болады. Дегенмен, тәжірибелі мамандар кітапты қолға алып оқығанды құп көреді.


МӨЛДІР АЛДАШҮКІРОВА, КІТАПХАНАШЫ

Негізінен мамандықтар бойынша кітаптар жиі сұралады. Әрине, заман талабы -ХХІ ғасыр, техника дамыған уақыт, сондықтан электронды оқулықтар да молынан сұралады. Бірақ мен жастарды экран бетіне телмірмей, әдеби кітап оқуға шақырамын.


«Артық білім - кітапта» екені бұрыннан белгілі. Кітап оқып үйренгенге ақы төленбейтіні де анық. Сондықтан ел ертеңі жарқын болуы үшін жас буынды бүгіннен бастап кітапқа баулу маңызды.