Түркістанда «Шаңырақ» шығармашылық байқауының жеңімпаздары анықталды. Әлеуметтік желі қолданушылары «Бауырлас» тақырыбы аясында үздік жазбалар бойынша бақ сынады. Биылғы сайыс Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына және Президенттің «2025 жыл – жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауына орай ұйымдастырылған.
«Шаңырақ» шығармашылық байқауы қаңтар айында басталып, 15 қазанда аяқталды. Сайыс барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жариялап, беделін арттыруға, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты кеңінен насихаттауға үлес қосқан үздік авторлар іріктелді.
ЕРСҰЛТАН ӘМІРБЕК, ЖУРНАЛИСТЕР МЕН БЛОГЕРЛЕР КЛУБЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
– Байқау шартында 10 мақаладан кем жазбау керек деген талап қойдық. Соның ішінде 9 қатысушы ерекше белсенділік танытты. 15 пост, 37, тіпті 47 пост жазғандар болды
Байқаудың мақсаты – этносаралық бірлік пен келісім тақырыбын телеарналарда, интернет ресурстарында және әлеуметтік желілерде кеңінен насихаттау. Биылғы «Шаңырақ» шығармашылық байқауында Арыстың мәдениет қызметкері, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова топ жарды.
ЖҰЛДЫЗ ӨТЕГЕНОВА, БАЙҚАУ ЖЕҢІМПАЗЫ
–Барша әріптестерімді құттықтаймын. Байқаудың негізгі мақсаты – елдегі татулықты ту етіп, қаламгерлерді насихаттау. Біз жазбаларымызда татулық пен бірлікті арқау еттік
Жүлделі екінші орынды Әтіркүл Тәшімова иеленсе, үшінші орын Роза Нарымбековаға бұйырды. Сонымен қатар қатысушыларға алғыс хаттар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табысталды.