Мектептердегі бір реттік берілетін ыстық тамақтың сапасы мен асханалардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы тексеріліп жатыр. Арнайы мониторинг тобы құрылып, шаһардағы 270-ке жуық білім ұясында зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Топ мүшелерінің құрамында білім басқармасының өкілдерінен бөлек, дәрігер мамандар мен журналистер бар.


 НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ

Қаладағы мектептердің асханалары тексеріліп жатыр. Қазіргі таңда 5 мониторинг тобы құрылып, олар шаһардағы 150-ден астам мектептің асханаларын бақылап жүр. Мұндағы мақсат – балаларды таза, сапалы тағаммен қамтамасыз ету.


Әр топ өзіне бекітілген мектептерде зерделеу жүргізіп келеді. Олар санитариялық тазалықтан бөлек, бала жейтін тағам мөлшерін де тексеруде. Сондай-ақ асханадағы әр ыдыстың өз орнында тұруы да маңызды.


НҰРЛАН ПАЙЗОВ, ТІЛШІ

 Елдегі мектептердегі ас мәзірін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бекітеді. Ведомство өкілдері бүгінгі ас мәзіріне қарапайым қырыққабат орамасын тұздықпен, екі тілім қара нан, бір алма және какао сусынын енгізуді дұрыс деп тапқан екен.


 Жаңа стандартқа сәйкес, ас мәзірінде тұз, қант және май көлемі азайтылған. Шұжық өнімдері, фастфуд, қант қосылған шырындар мен консервілерге тыйым салынған. Есесіне көкөніс, жеміс, дәнді дақылдар, сүт және сүтқышқылды өнімдер көбейген. Ас мәзірі маусымға сәйкес 4 аптаға арналып жасалып, міндетті түрде денсаулық сақтау органдарымен келісілетін болады. Ал қант диабеті, аллергиясы немесе басқа да ерекшеліктері бар балаларға арнайы мәзір қарастырылған.


ДИНАРА ШАЛАБАЕВА, АСХАНА МЕҢГЕРУШІСІ

 Барлық мәзір керемет. Бірақ ішінде ең уайымдайтыным – қырыққабат орамдары. Оны балалар онша жақсы көріп жемейді. Ақыры әдемілеп тамақ пісірген соң, баланың жеп кеткені дұрыс қой. Ата-аналар да келіп айтып жатады. Сол тағамды ауыстырса дейді. Мысалы, айтарым: таңертең бірінші сыныптың балалары палау, кейде бешбармақ жейді. Ата-аналар «Неге таңғы асқа каша (ботқа) берілмейді?» деп шағымданды. Бірақ ата-ана айтты екен деп мәзірді өзгерте алмаймыз.


 Зерделеу тобы мектеп әкімшілігінің кезекшілік кестесінің болуын, оқушылардың тамақтану тәртібін, қол жууға арналған құрылғылардың жұмысын, бекітілген мәзірдің бар-жоғын және асханалардағы тағам рационының бірыңғай стандарттарға сәйкестігін де бақылады.


ГҮЛНҰР ЖОРАБЕК, ДӘРІГЕР-ЭПИДЕМИОЛОГ

Мектеп асханаларын зерделеу барысында ас блогының, қоймалардың, ыдыс жуатын бөлмелердің тазалығы, қызметкерлердің медициналық кітапшалары мен арнайы киімдерінің болуы, асханадағы кварцтау, желдету, журналға тіркеу, дайын және шикі өнімдердің тарату кезінде араласпауы – барлығы тексерілді. Оның ішінде тағам өнімдерінің сертификаттары, жарамдылық мерзімі, сапасы да назардан тыс қалмады.


ЖАЙНА ҚҰРБАНБЕКҚЫЗЫ, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ «ӘДІСТЕМЕЛІК ОРТАЛЫҒЫ» КММ ӘДІСКЕРІ

Асханаларда жұмыстың жақсы ұйымдастырылғаны, сонымен бірге ыстық тамақтың құрамы еш өзгеріссіз, балаларға дер кезінде беріліп жатқандығы бізді қуантады. Бізге бөлінген мектептер жайлы мектептер екен. Ондағы оқушылар санының қамтылуы, орын санының жеткіліктілігі – бұл жасалған жақсы жағдайлардың көрінісі.


Айта кетейік, қазіргі таңда қалада 5 мониторинг тобы өздеріне бекітілген білім ұяларында зерделеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл жұмыс 24 қазанға дейін жалғасады.