Тұрғындарды сапалы электр жарығымен қамту басты назарда. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ның басшылығымен кездесті. Отырыста өңірді электр энергиясымен қамту бағытындағы жобалар талқыланды. Кездесу барысында облыс орталығы мен облыс аумағындағы елді мекендерді үздіксіз әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі көтерілді.
Сонымен қатар тозған электр желілерін реттеу, жаңа қосалқы станциялар салу және қуаттылықты арттыру бойынша ұсыныстар қаралды. Облыс әкімі бұл саладағы өзекті проблемаларды шешуде нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтып, жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеді. «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан 2025-2029 жылдарға іс-шаралар жоспары әзірленген. Жоспарда 778,9 шақырым электр желілері, 23 қосалқы станция және 343 трансформатор қайта құруға жатады. Нәтижесінде, 2029 жылға қарай электр желілерінің тозуы 52,8%-ға төмендетіледі деп жоспарлануда. Сонымен қатар энергия тапшылығы бар аудандарда қосымша 230 МВт қуат пайда болады деп болжануда.