Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қала аумағында жүзеге асырылып жатқан бірқатар инфрақұрылымдық және абаттандыру жобаларының барысын аралап көрді. Аралау барысында әкім Еңбекші ауданындағы Момынов көшесінде салынып жатқан автомобиль өткелінің құрылыс жұмыстарын тексерді. Жобаның негізгі мақсаты – көлік кептелісін азайтып, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру. Ғабит Сыздықбеков мердігер мекемеге құрылыс қарқынын үдетіп, барлық сапа стандарттарын сақтай отырып, жұмысты мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Ғабит Сыздықбеков алдымен «Абдулабад» тұрғын алабында халықтың өтініші негізінде салынған қоғамдық кеңістікпен танысты. Абаттандырылған аумақтың жалпы ауданы – 0,6 гектар. Демалысқа қолайлы жағдай жасау мақсатында мұнда балалар және спорт алаңшалары, жүгіру жолы, орындықтар мен жарық шамдар орнатылған. Сондай-ақ көгал егіліп, ағаштар отырғызылған. Әкім Абай ауданында Қазиев көшесінің жалғасы мен Шұбаркөл көшесінің құрылыс жұмыстарын да тексерді. Мердігер ұйымға әр кезеңнің сапалы орындалуын қамтамасыз етіп, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтау тапсырылды. Бұл жобалардың жүзеге асуы ауданның көлік инфрақұрылымын жақсартып, көршілес магистральдарға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ғабит Сыздықбеков Қошқар ата өзенінің жағалауын абаттандыру жұмыстарының барысын бақылады. Өзен бойындағы серуен аймағы – қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Әкім Жайлы ортаны дамыту басқармасына жұмыс сапасын қатаң бақылауда ұстап, анықталған кемшіліктерді жоюды тапсырды.
Бұдан бөлек, қала басшысы Қонаев даңғылы мен Жандосов көшесінің қиылысындағы абаттандыру жұмыстарының барысын тексерді. Нәтижесінде Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қосымша көше жарығын орнатып, автокөліктер қозғалысын барынша ыңғайлы ету тапсырылды. Аралау соңында әкім Жібек жолы көшесінде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асырылып жатқан жаңа демалыс аймағының құрылысымен танысты. Жалпы аумағы 6,5 мың шаршы метрді құрайтын нысанда пергола мен әткеншек орнатылған серуен жолдары, екі фонтан, балалар және спорт алаңшалары қарастырылған. Әкім аумақты кешенді көгалдандыру мен құрылыстың сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.