Бүгін үшінші мегаполисте ерекше форматтағы спорттық дода өтті. Пробация қызметі есебінде тұрған жастар арасында кіші футболдан қалалық турнир ұйымдастырылды. Игі бастаманың мақсаты – жастарды спорт арқылы қоғамға бейімдеп, өмірге деген қызығушылығын арттыру.
Жарысқа қаланың бес ауданынан іріктелген он команда қатысты. «Жалын жастар ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен бұл шарада әр команда бар күш-жігерін салып, үздік нәтиже көрсетуге тырысты. Сайыс басталар алдында төрешілер жарыс тәртібін түсіндіріп, әділдік қағидаттарын еске салды.
АЙБЕК ТӘҢІРБЕРГЕНОВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЖӘНЕ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ҚЫЛМЫСТЫҚ-АТҚАРУ ЖҮЙЕСІ ДЕПАРТАМЕНТІ ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ
Өткен жаз айында «Металлург» спорт кешенінде спорттың төрт түрінен жарыс өткіздік. Ол жерде кіші футболдан, арқан тарту, гір тас көтеру, жүз метрге жүгіру сынды жарыстар ұйымдастырылды. Есептегі азаматтардың тек мекенжайын тексеріп, қадағалаудан бөлек, спорттық шараларды жүргізу арқылы да тәрбиелеп жатырмыз.
Тартысты өткен турнир барысында жастардың ерекше белсенділігі мен жігері көзге түсті. Олардың арасында спорттық шаралардан қалыс қалмай, үнемі белсенділік танытып жүретін Абзал Нұрбаев та бар. Жас спортшы командасымен бірге тамаша ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске деген жігерінің арқасында екінші орынды қанжығасына байлады.
АБЗАЛ НҰРБАЕВ, ҚАТЫСУШЫ
«Тұран-1» командасымен сайысқа түстік. Финалдық бәсеке осы командамен болды. Біз екінші Тұран командасын ұтып, «Тұран-1» командасынан ұтылдық. Балалар өте мықты дайындалған. Жан-жақтан жиналған балалар іріктелген.00:21–00:27 Жарыс ұйымдастырушысы «Жалын» қоғамдық бірлестігіне, пробация қызметкерлеріне алғысымызды білдіреміз.
Жарыс қорытындысы бойынша: бірінші орынды – Тұран ауданынан келген «Отырар» командасы иеленді, екінші орын – Әл-Фараби ауданының командасына бұйырса, үшінші орынды – Тұран ауданының спортшылары алды. Жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.
АҚБОТА ОСПАН, ҚАЛАЛЫҚ ІШКІ САЯСАТ ЖӘНЕ ЖАСТАР ІСТЕРІ ЖӨНІНДЕГІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Бес аудан бойынша жалпы он команда қатысып отыр. Жүлде қоры: бірінші орынға – 500 мың, екінші орынға – 300 мың, үшінші орынға – 200 мың теңге. Және де төрт командаға ынталандыру сыйлығы ретінде 50 мың теңгеден беріледі.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорттық іс-шаралар мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта да жастардың бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған түрлі жарыстар мен кездесулер жүйелі түрде өткізілмек.