Үшінші мегаполисте қандай мәселелер бар? Қаланың дамуы мен экономикалық көрсеткіштерін қалай жетілдіреміз? Стратегиялық зерттеулер институты дөңгелек үстел өткізіп, шешім жолдарын іздеді.
ҚР Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты экономикалық, әлеуметтік, мәдени бағыттарды зерттейді. Бұған дейін Ақмола мен Абай облыстарында жиын жасап, өңірлік даму жолдарын зерделеген. Бүгін сарапшылар Шымкенттіктер көтерген проблемаларды талдап, ұсыныс-пікірлерді тыңдады.
АМИНА ҮРПЕКОВА, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ҚСЗИ ӨҢІРЛЕРМЕН ЖҰМЫС ЖӨНІНДЕГІ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
Негізгі мақсат – мәселелерді тыңдап, шешім жолдарын қарастыру. Проблемалар жиынтығын жан-жақты зерттеп, соның негізінде жұмыс істеу.
Дөңгелек үстелге жергілікті мәслихат төрағасы мен депутаттар, кәсіпкерлер палатасы мен қоғамдық кеңес мүшелері, М.Әуезов университетінің қызметкерлері қатысты. Әрқайсысы тақырыпқа тұздық болар пікір айтып, ұсыныс-тілектерін жеткізді. Бірқатар мәселелер көтерілді.
ЖАНДОС СӘРСЕНБЕКОВ, М.ӘУЕЗОВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ АҒА ОҚЫТУШЫСЫ
Президент жанындағы зерттеу институты осы өңірдегі сарапшылармен, басшылармен, бизнес өкілдерімен кездесіп, жергілікті пікірді біледі. Біз қалай ойлаймыз? Жолдаудың кейбір тұстарымен қаншалықты келісеміз? Өз ұсыныстарымызды беріп жатырмыз.
Отырыс қорытындысы бойынша өңірлік саясатты одан әрі жетілдіруге бағытталған ұсыныс жоспары әзірленеді. Жиын барысында айтылған әр пікір мен көзқарас ескеріледі. Жобаның көздегені де – осы.