Биыл оңтүстік өңірдің туберкулезге қарсы қызметіне 100 жыл толып отыр. Бір ғасырдан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан орталық аймақ тұрғындарының денсаулығын сақтау жолында ауқымды нәтижелерге қол жеткізді.
Туберкулезге қарсы қызметтің негізі 1925 жылы қаланған. Осы жылы Шымкент қаласында 25 төсектік алғашқы диспансер өз жұмысын бастаған еді. Ал бүгінде Түркістан облыстық фтизиопульмонология орталығы 250 төсектік стационармен қамтылып, оңалту бөлімшелерінде білікті мамандар қызмет атқарады.
РАМАЗАН БЕКТҰРҒАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ
2030 жылы бізде жүз мың тұрғынға шаққанда он ауру болуы керек. Соған орай жұмыс істеп жатырмыз. Ал 2035 жылы туберкулезден толықтай арылу жоспарда бар. Бірақ туберкулез — әлеуметтік маңызы бар ауру. Ауа арқылы жұғады. Халық өзінің денсаулығын бірінші орынға қояды. Сол себепті бүгінде ауру саны азайып келеді.
Соңғы жылдары өңірде туберкулезге қарсы күрес нәтижелі жүріп келеді. Он жыл ішінде ауру көрсеткіші 53,8 пайызға төмендеп, өлім деңгейі 88 пайызға азайған. Орталық туберкулезді ерте анықтаудың халықаралық стандарттарын енгізіп, зертханалық диагностиканы заманауи гендік және молекулалық әдістермен жүргізуде. Медициналық мекеме жаңа үлгідегі флюорограф, торакоскопиялық кешен, фибробронхоскоп және жоғары жиілікті хирургиялық құрылғылармен толық жабдықталған.
САЛТАНАТ САХЫБАЕВА, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
Туберкулез өте күрделі ауру. Алайда, уақытылы ем-шара қабылданса, құлантаза айығып кетуге болады. Бұл тұқым қуалайтын ауру емес.
Орталық Халықаралық Қазақ-Түрік университеті мен медицина академияларының клиникалық базасы ретінде қызмет етіп, жыл сайын мыңнан астам студенттің тәжірибе жинақтауына мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға ай сайын материалдық көмек көрсетіліп, үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жобалар іске асырылуда.