Шымкенттік науқастар жерде жатты. Бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде осындай мазмұндағы бейнежазба тарады. Видеодағы азаматтың айтуынша, жағдай Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында болған. Онда палатаға сыймаған емделушілердің еденде жатқаны көрсетілген. Бүгін қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек оқиғаға қатысты мәлімдеме жасап, пікір білдірді.


Сәрсен Абайұлының айтуынша, оқиғаға қатысты мән-жай толық зерделеніп, аурухана басшысына сөгіс берілген.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ

– 360 орын тек 2023 жылы қызылша ауруы қауқынған кезде ғана толған екен. Одан бері 250-260 науқастан артық мұнда болып көрмеген. Жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты осындай оқиға орын алған. Бұдан кейін мұндай жағдай қайталанбауы үшін Денсаулық сақтау басқармасына да, аурухана басшылығына да қатаң тапсырма берілді.


Оқиғадан соң Денсаулық сақтау басқармасы да ресми мәлімдеме жасап, жағдайдың ретке келтірілгенін хабарлады.


ҚАЛАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫ

Шымкент қалалық инфекциялық ауруханасында науқастар санының күрт өсуі және төсек-орынның жетіспеушілігіне байланысты штаттан тыс жағдай орын алған болатын. Қысқа мерзім ішінде қажетті ұйымдастырушылық шаралар қабылданды. Барлық науқастар санитариялық нормалар мен талаптарға сәйкес палаталарға орналастырылды. Қазіргі уақытта жағдай толық тұрақтандырылды.


Қайнарбұлақ елдімекеніндегі жап-жаңа су құбыры жарылып, көлшік су жер астына сіңген. Салдарынан жер бедері шөгіп, бірнеше үйдің қабырғасы жарылған. Мәселе баспасөз отырысында көтеріліп, жауаптылар мән-жайды түсіндірді. Айтуларынша, зардап шеккен тұрғындар далада қалмайды. Оларға тиісті көмек көрсетілмек.


БАҒДАТ БАЙБОЛОВ, СУ ҚҰБЫРЫ ЖӘНЕ КАНАЛИЗАЦИЯ БАСҚАРМАСЫ МКК БАСШЫСЫ

 –Қала басшысының тапсырмасына сәйкес тұрғындарды қараусыз қалдырған жоқпыз. Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындарға кедергі келтірмеу үшін оларды арнайы пәтерлерге орналастырдық. Шығынды өз тарапымыздан өтеп отырмыз.


 Айта кетейік, жарылған су құбыры жуырда ғана жаңартылған болатын. Ақаудың нақты неден шыққанын және бұл кімнің салғырттығы салдарынан болғанын сот анықтайды. Басқарма мердігер компанияны сотқа берген. Шешім алдағы уақытта белгілі болады.