Шымкент қалалық Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры 97-ші маусымның шымылдығын түрді. Мәдени кеш ұлттық театр өнерінің абызы Жұмат Шаниннің рухына тағзым етіп, оның шығармашылық мұрасын дәріптеуге арналған тағылымды шарадан басталды.


Маусымашар кеші ерекше сән-салтанатпен өтті. Театр алдында қызыл кілем төселіп, сахна саңлақтары мен жас буын өнерпаздар көрерменнің қошеметіне бөленді. Жаңа маусымда өнерсүйер қауымға Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасы ұсынылды. Адам жанының нәзік қырларын, махаббат пен ар-ождан арасындағы рухани тартысты бейнелейтін бұл туынды — қазақ әдебиетінің классикалық мұраларының бірі. Режиссерлік шешім мен актерлік ойынның үйлесімі көрерменге ерекше әсер қалдырып, классикалық мұраның заманауи сахнадағы жаңа тынысын танытты.


ЕРКІНБЕК ШЫМЫРҚҰЛОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ҚАЙРАТКЕРІ, ТЕАТР ЖӘНЕ КИНО АКТЕРІ

Көрнекті драматург, жазушы, тарихи тұлға атанған Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат» қойылымымен маусымды ашқалы отырмыз. Құтты болсын! Жастарға тек сәттілік тілеймін.


Салтанатты жиында Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» пьесасы негізінде жарық көрген жаңа кітаптың тұсаукесері өтті. Бұл еңбекті жазушы, журналист Қайрат Сәбитұлы құрастырып, орыс тіліне аударыпты. Аталмыш пьеса алғаш рет 1924 жылы Семей театрында сахналанған.


ҚАЙРАТ ЕСЖАНОВ, АУДАРМАШЫ

Мен осы Ж. Шанин атамыздың «Арқалық батыр» атты алғашқы пьесасын оқып, шабыттанып, орыс тіліне аудардым. Өз қаражатым есебінен құрастырып, бастырып шықтым. Көктемде кітап жарық көрді. Алматыдан Шымкентке кітапты арқалап келіп отырмын.


Қазақ өнерінің қара шаңырағы саналатын Жұмат Шанин театры әр маусым сайын жаңа ізденістермен, тың режиссерлік шешімдермен ел ықыласына бөленіп келеді. Руханият ордасы биылғы маусымда да адамгершілік құндылықтарды дәріптейтін, тәрбиелік маңызы зор қойылымдарды көрерменге ұсынуды мақсат етіп отыр.


ДАРХАН БАЛАЖАНОВ, Ж. ШАНИН АТЫНДАҒЫ АКАДЕМИЯЛЫҚ ҚАЗАҚ ДРАМА ТЕАТРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

Ержан Серікбаев туралы арнайы музыкалық драма жасаймыз. Классикалық туындылар шығарсақ деген ойымыз бар. Сондай-ақ, Жаңа жыл қарсаңында балаларға арнап қойылым дайындаймыз деп жоспарлап отырмыз.


Өнер ордасы өткен жылы бірқатар шығармашылық жетістіктерге қол жеткізді. 95 жылдық мерейтойын атап өткен театр ұжымы халықаралық фестивальдерге қатысып, ұлттық сахна өнерін жаңғыртты. Театр труппасы алдағы уақытта жас режиссерлер мен актерлердің шығармашылық бастамаларын қолдап, жаңа есімдердің жарқырауына жол ашпақ.