Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Selena Group» холдингінің өкілдерімен кездесу өткізді. Бұған дейін тараптар инвестициялық жобаны іске асыру мәселелерін талқылаған болатын.


«Selena Group» - құрылыс химиясын өндіретін әлемдік деңгейдегі жетекші компаниялардың бірі, сондай-ақ қазақстандық нарықта тұрақты орны бар. Кездесу барысында Шымкент қаласында құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін зауытты дамытуға қатысты егжей-тегжейлі мәселелер қаралды. Сонымен қатар өндірісті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жолдары талқыланды. Жобаның жалпы құны 10 миллион АҚШ долларын құрайды. Зауыттың өндірістік қуаты жылына 150 мың тонна өнімді құрайды. Нысан құрылысы кезінде 50-ге жуық уақытша жұмыс орны ашылса, зауыт іске қосылғаннан кейін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылатын болады. Өндірісті іске қосу келесі жылдың көктеміне жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру ішкі нарықтағы отандық құрылыс материалдарының үлесін арттыруға, сондай-ақ қаланың өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға ықпал етеді. Айта кетейік, «Selena Group» компаниясының Қазақстанның сегіз қаласында өкілдігі бар, ал әлем бойынша 15 өндірістік кәсіпорынға ие, соның ішінде Астанадағы зауыт та бар. Жобаның жүзеге асуы Қазақстан мен Польша арасындағы экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға ғана емес, Шымкенттің заманауи индустриялық базасын қалыптастырудағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.