Мектеп ауласына ағаш отырғызылды. 25 қазан — Республика күніне орай «Ауыл» және «Республика» партияларының өкілдері мен мектеп оқушылары «Менің атаулы ағашым» атты экологиялық акцияға қатысты. Игі іс-шараны «Таза Қазақстан» акциясы аясында Экология, өлкетану және туризм орталығы ұйымдастырды.
Аяжан Төлеген - №143 жалпы орта білім беретін мектептің 9-сынып оқушысы. Ол Республика күніне орай ұйымдастырылған экологиялық акцияға қатысып, сыныптастарымен бірге мектеп ауласына 300 жыл өмір сүретін ағаш отырғызды.
АЯЖАН ТӨЛЕГЕН, МЕКТЕП ОҚУШЫСЫ
Біз осы іс-шараға үлесімізді қосып, сыныппен бірге көптеген ағаш отырғызудамыз. Бұл ағаштар 300 жылға дейін, тіпті одан да көп өмір сүре алады. Біз оларды жақсылап бағып, күн сайын суарып тұрсақ, олар көрікті болып өседі. Кейін бізден кейінгі ұрпақ осы талдарды көріп: “Біздің ата-бабаларымыз осында ағаш еккен екен” деп айтатын болады.
№143 мектептің ауласына арша, бозарша, қарағай, каштан, шынар, қарағаш және емен ағаштарының 460 түбі отырғызылды. Экологиялық игі іс-шараға 200-ге жуық адам қатысты.
ҰЛЖАН ҚАМЫТБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ «ЭКОЛОГИЯ, ӨЛКЕТАНУ ЖӘНЕ ТУРИЗМ ОРТАЛЫҒЫ» КММ ДИРЕКТОРЫ
Біз дәстүрлі түрде күзде және көктемде ағаш егу акциясын ұйымдастырып келеміз. Білім басқармасына қарасты мекеме болғандықтан, сол басқарманың қолдауымен іс-шара жүзеге асып отыр. Білім ордасы болғандықтан, басты мақсатымыз — жастарды жанашырлыққа, отансүйгіштік сезімге тәрбиелеу, оны іс жүзінде көрсету. Сол мақсатта осындай қалалық деңгейдегі үлкен шараларды өткізіп жүрміз.
Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған бұл ағаш егу іс-шарасы жастарды табиғатқа ұқыпты қарауға және туған өлкенің экологиялық болашағына үлес қосуға бағытталған.