Елімізде жасанды түсік жасататындардың қатары азаймай тұр. Жыл сайын 70 мыңнан астам әйел жүктілікті үзу туралы шешімге келеді. Сәби тағдырын аяқасты етуге не түрткі болып отыр? Аборттың зардабы мен залалы қандай? Әріптесім Аружан Самидин зерттеп көрді.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Біреулер бұл бөлмеден ана атанатынын естіп, жүзі бал-бұл жайнап, қуанышқа кенеліп шығады. Енді бірі іштегі бейкүнә сәбидің өмірін қию туралы ауыр шешім қабылдайды. Биыл елімізде 75 мыңнан астам әйел жүктілікті тоқтатқан. Оның ішінде жиырмадан аспаған қыздар да бар.
Қоғамның сынынан сескеніп, сырын ішке бүгіп қалған Айдананың оқиғасы – талай жастың тағдырына ортақ. Жігіттің жылы сөзі мен құрғақ уәдесіне сенген қыз от басып, опық жеп қаларын білген жоқ. Алданып, сансыз ойдың шырмауында қалған бойжеткеннің тағдыры бір сәтте күл-талқан болды. Жүкті болғанын білген сәтте сүйіп сенген жігіті жауапкершіліктен қашып, түсік жасатуға қомақты қаражат ұсыныпты. Қоғамның қысымынан қорыққан қыз абортқа амалсыздан келісім бердім дейді.
АЙДАНА (есімі өзгертілген)
Басында ештеңе түсінбедім… Бір ғана тест бәрін өзгертті. Алғашында қорықтым, ешкімге айта алмадым. Анам білсе, не дейді деп жылай бердім. Жігіт те жауапкершілік алудан қашты. Баланы алдырт деп ақша ұсынды. Ақыры өзім шешім қабылдадым. Дәрігердің есігін ашқан сәттегі сезімім әлі есімде. Бір сәтте өмірім астаң-кестең болды. Ескі жараның кесірінен адам атаулыға сенуден қалдым.
Жатырында жатқан жан иесін жасырып, дәрігердің көмегінсіз-ақ өз қолымен тағдырға үкім шығарып жүргендер қаншама… Көңілдегі күдік текке туындаған жоқ. Себебі кей аймақтарда жүктілікті тоқтататын дәрі ашық саудада жүр. Ал сол дәріге жүгінетіндердің басым бөлігін ақ бантигі тұлымында желбіреп жүрген жасөспірім қыздар құрайды. Түсік жасатудың салдарын түйсініп, тереңіне бойламаған талай бойжеткен ащы өкініштің дәмін татып жүр. Дегенмен, мұндай шешімнің соңы бедеулікке әкелуі ықтимал көрінеді.
ГҮЛВИРА КЕНЕНБАЕВА, АКУШЕР-ГИНЕКОЛОГ
Аборттың үш түрі бар: дәрімен түсіру, вакуум арқылы және хирургиялық тәсілмен алдыру. Көбінесе түсік хирургиялық әдіспен жасалған жағдайда жатырдың ішкі қабаты жұқарып қалады да, келесі жолы жүктілікті жоспарлаған кезде ұрық жатырға бекітілмей қалады. Мұның соңы бедеулікке әкелуі мүмкін.
АРУЖАН САМИДИН, ТІЛШІ
Қазақстанда жасанды түсікке заңмен тыйым салуды қолдайтындар көп. Алайда мұндай шектеу мәселені шешпей, керісінше, аборттың жасырын жолын көбейтіп, қоғамда қайғылы жағдайлардың артуына себеп болуы мүмкін. Тұншықтырылған, өлтірілген, қоқысқа тасталған, далаға лақтырылған сәбилердің бүгінгі санымен жылап көрісуіміз ықтимал.
Бұл мәселеге келгенде қоғам пікірі де қақ жарылды. Бірі — құрсақтағы шарананың өмірін қиюды күнәмен тең санап, мұны адамдық пен ардың шегінен аттау деп бағалайды. Ал енді бірі — тағдырдың тәлкегіне түскен, шарасыз күй кешкен жандардың шешімін түсінуге тырысады.
Тағдыр да қызық. Бала сүюді армандап, көз жасы көл болған адамға емес, ессіздікке ергеннің етегіне бере салады. Ал жасөспірімдер арасындағы жүктілік дерегі жағаны ұстатады. Маман дерегінше, қазіргі балалар жыныстық өмірге ерте араласады. Орта есеппен алғанда 15 жасында бұл тақырыпқа бейімделе бастайды. Нәтижесінде олардың 62 пайызы 18 жасқа толмай босанса, тағы 22 пайызы жасанды түсік жасатады.
БАХЫТ ОМАРОВА, ПСИХОЛОГ
11-сынып оқушысында ерте жүктілік жағдайы орын алды. Өзінің сыныптасынан жүкті болып қалған. Тестке сыныптасымен дайындалып жүріп, арада жақын қарым-қатынас орнап, сезімге бой алдырыпты. Түсік жасатқаннан соң бізге келді. Біз психологиялық қолдау көрсеттік.
Баладан безгеннің бағы қашады. Мамандар түсік жасау көрсеткішін мейлінше азайту үшін жыныстық сауаттылық пен отбасылық құндылықтарды мектеп қабырғасынан бастап түсіндіру қажеттігін ескертеді.