Түркістан облысы білім саласындағы ашықтық пен цифрландыруды жетілдіру бағытында маңызды қадамдар жасап отыр. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен салаға нақты тапсырмалар беріліп, цифрлық теңсіздік пен жүйесіздікті жою басты міндет ретінде белгіленді. Мәжілісте білім жүйесіндегі күрделі мәселелер талқыланып, шешу жолдары нақтыланды.


«Цифрлық Қазақстан» стратегиясына және заңнамаға сәйкес пилоттық режимде сынақтан өткізіліп жатқан бірқатар платформалар бар. Олар білім сапасын арттыруға бағытталған. Бұл оқу үдерісін бақылау, кәсіби бағдар беру, оқушылардың жетістігін талдау, халықаралық зерттеулерге дайындық пен сыртқы бағалау жүйелерін енгізуді көздейді. Сонымен қатар, жасанды интеллект технологиясы оқу процесін автоматтандыру мен жекелендіруді қамтамасыз етеді.


НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Білім – мемлекеттің болашағы мен өркениеттің негізі болғандықтан, бұл саладағы ашықтық, әділеттілік пен инновация қоғамның басты талабы мен басым бағытына айналды. Осы тапсырманы орындау мақсатында жұмыстар жандандырылады. Ашықтық пен есептілік басты талапқа айналуы тиіс, өйткені әр ата-ана баласының қауіпсіздігі мен сапалы білім алуына алаңдайды. Сондықтан бұл бағытта тек басқарма емес, әр аудан мен ауыл әкімдігі де белсенді жұмыс істеуі қажет.


Білім басқармасының мамандары IT-мамандар санын арттыруды, биометриялық сәйкестендіру жүйелерін енгізуді және мемлекеттік сатып алуларды автоматтандыруды ұсынып отыр.


ҒАЛЫМЖАН ОРЫНОВ, БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ

Білім беру саласындағы цифрландыру мен автоматтандыру сапалы білімге қол жеткізудің және басқарудың тиімді құралына айналуда. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда еліміздің білім беру саласында біртектілік пен бірыңғай ақпараттық жүйе толық қалыптаспаған. Әртүрлі компаниялар әзірлеген платформалар мектептерде қатар қолданылып келеді. Олардың функционалдық мүмкіндіктері әртүрлі, біріңғай интеграция жоқ. Бұл педагогтар мен оқушыларға қосымша жүктеме түсіреді. Бір мектепте бірнеше платформаны қатар пайдалану мұғалімнің уақытын алса, екінші жағынан деректерді талдауды қиындатады. Бұл жағдай жүйесіздікке, ресурстардың тиімсіз жұмсалуына және білім сапасына кері әсерін тигізуде.


Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мектептерде бақылау жүйелері орнатылып, бейнебақылау камералары Полиция департаментінің басқару орталығына қосылды. Сонымен қатар, әлеуметтік әмиян арқылы 220 мың оқушыға тегін ыстық тамақ беру жұмыстары жалғасуда. Платформалардың тиімділігі оқу жылының бірінші жартыжылдығында қорытындыланып, нақты нәтиже бойынша таңдалады. Сондай-ақ цифрлық қолтаңбаны биометриялық сәйкестендіру арқылы қолдану, мемлекеттік сатып алуды автоматтандыру, білім беру ұйымдарын бала санына қарай қаржыландыру және турникеттер арқылы бірыңғай есеп жүйесін енгізу ұсынылуда.