Түркістан қаласында жаңартылған «Парасат» саябағы ашылды. Демалыс орнында құрылыс жұмыстары аяқталып, қажетті барлық жағдай жасалған. Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, тұрғындарды мерекемен құттықтады.
«Парасат» саябағын жаңарту жұмыстары екі кезеңмен жүргізіліп, құрылыс 2023 жылы басталды. Аумағы 14 гектарды қамтитын демалыс аймағында 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, заманауи жарық шамдары орнатылды. 7 мың шаршы метр аумаққа асфальт төселіп, 100-ден астам орындық қойылған.
НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Алдымен баршаңызды келе жатқан Республика күнімен шын жүректен құттықтағым келіп отыр.Өздеріңіз білесіздер, бүгін осындай керемет саябақтың ашылуында кездесіп отырмыз. 2023 жылы реконструкциясы басталған. Соның бәрі осы жергілікті халықтың әл-ауқатын, мәдениетін жақсартуға бағытталған. Осы жерде өсіп жатқан ұл-қыздар сабақтан тыс уақытта спортпен айналысып, бос уақытын тиімді өткізе алады. Бұл — бірлескен еңбегіміздің нәтижесі.
Саябақта балалар ойын алаңшалары, футбол, баскетбол және теннис алаңдары орналасқан. Барлығы тұрғындар үшін тегін болады. Сондай-ақ веложолақтар мен жаяу жүргіншілер жолы және жазғы сахна бар.
АРУЖАН БЕРІКҚЫЗЫ, СТУДЕНТ
Бүгін «Парасат» саябағының ашылуы болып жатыр. Біз өте қуаныштымыз. Осындай саябақтар жастарға қазіргі уақытта өте қажет. Осы іс-шараға орай Республика күнімен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!
Саябақтың ашылуында қала тұрғындарына мерекелік бағдарлама ұсынылып, өнерпаздар патриоттық әндер орындап, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Қайта көркейген «Парасат» саябағы - түркістандықтар мен қала қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналмақ.