Шымкенттіктер қысқы маусымға сақадай сай. Шаһарда жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 магистральды көше бар. Қар жауып, көктайғақ орын алса, оны күнделікті 243 техника мен 2000-ға жуық жұмысшы тазалайды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары, ресми өкіл Сәрсен Құранбек баспасөз отырысында мәлімдеді.


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Қаладағы бес аудан да келер маусымға дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Әр аудан аумақтық ерекшеліктерді ескере отырып, жұмысшы күші мен қажетті техника санын жасақтаған. Көктайғақты болдырмау үшін қажетті материалдар қоры да алдын ала сатып алынған.


СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ

— «Құм – 25 000 м³, тұз – 15 000 тонна. (Әр ауданнан шамамен 5 мың тонна құм және 3 мың тонна тұз). Ағымдағы жылы қосымша келісімшартқа сәйкес инертті материалдар мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында сатып алынды. Қарды шығару үшін арнайы бос учаскелер жасақталды.» 


ҚАНАТ ЖОЛДАСБЕК, ТІЛШІ

Өткен аптада Шымкентте 177 қылмыс тіркелген. Жиі жасалатын құқықбұзушылықтардың қатарын, әдеттегідей, алаяқтық деректері бастап тұр. Тұрғындар әлдебіреудің қоңырауына алданып, банк шотындағы қаражатты өз еркімен аударып жібереді. Мамандар азаматтарды абай болуға, «банктенмін», «полицияданмын», «әкімдіктенмін» деп хабарласқан күмәнді қоңырауларға сенбеуге шақырады. Өйткені ресми мекемелер мәселені телефон арқылы шешпейді.


 СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ, РЕСМИ ӨКІЛ

«“Д” есімді азаматқа өзін “Электросеть” қызметкерімін деп таныстырған белгісіз тұлға хабарласып, коммуналдық төлем ретінде өзі жолдаған шотқа 110 мың теңге аудартып алған.» 


 Баспасөз отырысы әрі қарай сұрақ-жауап форматында жалғасты. Ресми өкіл жолданған сауалдарға жеке-дара тоқталып, толыққанды жауап берді.